Парламент

Қазақстан Жер серіктерін дербес бақылауға көшеді

Қазақстандық мамандар Жер серіктерін дербес бақылайтын болады. Оның ішінде барлаушы – жерсеріктерді де бақылауға РФ-мен Балқаш торапын қолдану туралы келісімі бойынша қол жеткізілді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстандық Балқаш торабын беру шарттары және оны зымыран шабуылы туралы Ресей ескерту жүйесінде одан әрі пайдалану тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралған ҚР Парламент Сенаты комитетінің отырысында айтты.
Астана қаласы29 Қыркүйек , 14:46

Вице-министрің айтуынша, ресейлік тарап жыл соңына дейін Қазақстанда арнайы қондырғы орнатады – ол соңғы құрылғы. Оны отандық мамандар бақылайтын болады. Осыған дейін аталмыш ақпараттарды Қазақстан ресейлік әріптестерінен алып жүрген болатын.

«Біз қазір келісім талаптарын өзгертетін боламыз. Бірінші басты талап – бізге соңғы құрылғыны орнатып жатыр. Оның нәтижесі бізге автоматты түрде ақпаратқа қол  жеткізуге мүмкіндік береді. Мәселен, зымыран шабуылын жібермек болған ел туралы біз ақпаратты көріп отырамыз. Екіншісі – Жердің барлық жасанды серігін көріп отырамыз. Олардың республика шекарасына кіріп шыққаны туралы ақпарат мәлім болады», - деді О.Сапаров.

«Біздің мамандар ресейлік әскери пункттерінде жұмыс істеп, барлық мәліметті біліп отырғаны үлкен жетістік. Бізде 15 –ке жуық маман бар. Осы бағыт бойынша біздің мамандар білім алуда. Ресейдің оқыту мекемелерін тәмамдап, бір немесе жарты жылдан соң аталмыш станцияда жұмыс істейтін болады», - деді ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Алтынбаев.

Сондай-ақ, заң жобасы Ресей Федерациясы қолданылатын қазақстандық жер көлемін қысқартуды қарастырады. Егер де осыған дейін Ресей 5 мың гектар жерді қолданса, қазір 700-800 гектарды қолданады.

 




Яндекс.Метрика