Мәдениетті жаңғырту

«Астана Операда» әлемге әйгілі Noreum Machi кореялық музыкалық ұжым өнер көрсетеді (ФОТО)

«Астана Опера» Кореядан гастрольмен келетін қонақтарды қарсы алады. Қазақстанда алғаш рет II Халықаралық «Жібек Жолы» музыкалық фестивалінің шеңберінде 4 қазанда, «Астана Опера» театрының Камералық залында аты әлемге әйгілі Noreum Machi музыкалық ұжымының концерті өтеді, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.
Астана қаласы 29 Қыркүйек, 19:28

Астаналық қонақтар мен тұрғындар көне соқпалы аспаптардың сиқырлы дыбыстарын, жанды баурап алатын акробаттық билерді, сондай-ақ жезді-үрмелі аспаптар рэбімен үйлесетін кореялық K-TRap рэбін тамашалай алады.

Noreum Machi 1993 жылы дүниеге келген. Оның атауы кезінде орындау шеберлігі асқақтаған кәріс музыкант-суырып салмалардың өнерін білдіреді. Қазір де вокалисттер мен аспапшы-музыканттар жоғары кәсіби деңгейде өнер көрсетіп жүр. Аталған ұжым әлемнің үздік музыкалық алаңдарының жиі шақыртылатын қонақтары. Шеберлігі асқан музыканттар әлемнің 170 қаласы мен 50 елінде көптеген гастрольдік сапарда болып, орасан зор табысқа жетті, атап айтсақ, ол елдердің қатарында Италия, Франция, Бельгия, Швейцария, Австрия, Алмания, Нидерландтар, АҚШ, Австралия, Жапония, Бразилия, Венесуэла, Камбоджа және басқасы бар.

Кәрістің дәстүрлі музыкасын орындайтын ең атақты ансамбльдің көркем де, мазмұнды бағдарламасында «Бинари» ән-дұғасы орындалады. Наным-сенім бойынша туынды жамандықтан аластап, ырыс-береке, атақ-даңқ және ұзақ ғұмыр әкеледі деп есептелген. Бамбуктен жасалған гобойдың терең де, жанды тербейтін дыбысын жеке орындаудағы «Гюн Пун Нюн» деп аталатын номерде тамашалауға болады. Ұйымдастырушылар, аталған музыка тыңдарманның бойын шымырлатпай қоймайтынын айтады. «Өткінші жаңбыр» әні – салқын да, нөсерлеткен жаңбыр адам баласының күнделікті тіршіліктегі проблемаларын шайып кетеді деген үміт жайлы музыкалық шығарма.

Көрерменге кореялық экзотикалық аспаптармен – құмсағат іспеттес чангу дабылымен, екі жақты шамшат дабылымен, металдан жасалған үлкен гонг чинмен және кішкентай гонг кквэнгваримен танысудың бірегей мүмкіндігі туады. Осы соқпалы аспаптармен орындалатын дәстүрлі шаруалар музыкасы аталған музыкалық ұжымның репертуарында бақсылық ырғақпен және көпке танымал әндермен үйлесім табады.

Әртістер қазақстандық көрерменмен алғашқы кездесулерін асыға күтетіндерін атап өтті.

«Астаналық тұрғындарға кореялық дәстүрлі музыканы орындау біз үшін үлкен қуаныш. Корея мәдениетінің өкілдері ретінде біз концертке бар күшімізді салып дайындалдық, ол фестивальға келетін тыңдарманның көңілінен шығады деп үміттенеміз», - дейді музыканттар.





Яндекс.Метрика