Үкімет

Жібек жолын дамыту бойынша Қазақстан мен Қытай өзара әрекетінің 3 маңызды аспектісі бар – вице-министр

Бүгін Астанада өтіп жатқан Х KAZENERGY Еуразиялық форумында ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин мұнай-газ саласында қытайлық әріптестермен ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін атады.
Астана қаласы29 Қыркүйек , 13:07

«Жібек жолы бойынша біздің өзара іс-әрекетіміздің 3 өте маңызды аспектісін атап өтпекпін. Біріншісі – бұл CNPC компаниясы қызығушылық танытып үлгерген «Еуразия» жобасын жүзеге асыру. Бұл жоба Каспий маңы шұңғымасын терең зерттеуге бағытталған және ол ғылыми-зерттеу, технологиялық және қолданбалы аспектілердің кең спектрін қамтиды. Жобаның ерекшелігі – өте терең тірек-параметрлік ұңғыманы рекордтық бұрғылау. Біздің пікірімізше, бұл жоба әлемдік геологиялық ғылымның дамуына жаңа үлес қосуы мүмкін. Сонымен қатар, ұзақмерзімді келешекте Қазақстан бүкіл азия өңірін энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етуде өз мүмкіндіктерін нығайтады», – дейді Ұ.Қарабалин.

Министрдің бірінші орынбасары мәлім еткендей, Қазақстанның тақтатас әлеуетін зерттеу екінші аспект болып отыр. Қытай Халық Республикасы Солтүстік Америкамен қатар, өткізгіштігі төмен коллекторларды пайдалануда айтарлықтай алға жылжыған жалғыз ел.

«Ынтымақтастықтың үшінші әлеуетті элементі – мұнай өндіру әдісі бойынша зерттеу компоненттерін дамыту. Ел Президенті 5-7%-дық пунктерде мұнай өндірудің жалпы коэффициентін ұлғайту жөнінде тапсырма берді. Қытайлық компаниялар мұнай өндіруді ұлғайту процесін ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету мәселесіне өте үлкен жауапкершілікпен қарайтынын білеміз. Осыған байланысты аталған мәселе бойынша Қазақстанның мүмкіндіктерін арттыру бойынша Қытайдың беделді орталықтарымен сындарлы ынтымақтастық орнатамыз деп сенеміз», – дейді вице-министр.

Айта кетейік,  X KAZENERGY Еуразиялық форумы аясында өтіп жатқан «Еуразия өңіріндегі энергия қауіпсіздігі: жаңа ынтымақтастық механизмі» мұнай-газ конференциясы барысында Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясы мен Қытай инженерлік академиясы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылады.

Бұл келісімде екі ел арасындағы инженерлік ғылым және технологиялар саласындағы байланысты қалыптастыру, мамандармен тәжірибе алмасу және өзге де бағыттарда ынтымақтастық көзделген. Құжатқа сай, Қазақстан мен Қытайдың инженерлік академиялары энергетика және қоршаған орта саласында бірлескен зерттеулер жүргізеді. Бұдан бөлек, стратегиялық ғылым мен технологиялық саясат бойынша форумдар және Жібек жолының экономикалық белдеуін дамыту, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, көліктік жүйелер, ақпараттық технологиялар және коммуникациялар, инженерлік білім беру және басқа да маңызды қоғамдық мәселелер бойынша бірлесіп өңірлік және халықаралық конференциялар өткізеді.

Анар Тәңірқұлова




Яндекс.Метрика