Адами капитал

Талдықорғандағы Зияткерлік мектеп тәрбиеленушілерінің ата-аналары бірегей білім ошағы үшін Н.Назарбаевқа алғыс білдірді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы зияткерлік мектеп балабақшасында тәрбиеленушілердің ата-аналарынан хат келді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан28 Қыркүйек , 20:21

Хатта ата-аналар балабақша, бастауыш мектеп және жоғары сыныптар арасындағы сабақтастық қағидаты жүзеге асырылған бірегей оқу орны құрылғаны үшін алғыстарын білдірген. Мәдениетті, жан-жақты дамыған, зияткер әрі табысты тұлға болып қалыптасу үшін балалар қолайлы жағдайда тәлім-тәрбие мен білім алып жатқанын атап өткен. Авторлар сондай-ақ осы мекемедегі тіл үйрету бағдарламасын жоғары бағалап, соның арқасында балабақша түлектері мемлекеттік тілді меңгеру жөнінен үздік нәтиже көрсетіп отырғанын айтқан.

«Балаларымыздың жетістіктеріне қарап, қазақ тілін үш жастан бастап үйрету жақсы нәтиже беретінін, бұл оларға болашақта қажет болатынын түсінеміз», – делінген хатта.

Ата-аналар педагогтар ұжымының кәсіби деңгейі жоғары екенін, тәрбиеленушілермен қатар олар ата-аналармен де белсене жұмыс жүргізетінін атап өткен.

«Балабақшада түрлі тақырып бойынша шеберлік сыныптары, фестивальдер, конкурстар, спорт жарыстары, отбасымен бірге киноға, сырғанаққа, табиғат аясына бару сияқты шаралар өткізіледі. Біз өзіміз де «тәрбиеші – ата-ана – бала» қарым-қатынасының жаңа қырларын танып-біліп жатырмыз. Педагогтардың әрқайсына өз жұмысына деген ыждағаттылығы мен алға қойған мақсат-міндеттерді іске асырудағы жаңашыл қадамдары үшін алғыс білдіргіміз келеді», – дейді хат авторлары. 




Яндекс.Метрика