Парламент

Сенатта АЭА-ны жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер қаралды

Заң жобасы арнайы экономикалық аймақтар қызметіне қатысты негізгі төрт мәселені реттейді, деп хабарлады ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Рақым Ошақбаев ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инвестициялық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысында.
Нұр-Сұлтан28 Қыркүйек , 12:39

Сонымен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы арнайы экономикалық аймақтар қызметіне қатысты  негізгі төрт мәселені реттейді. «Заңжобасында АЭА аумағындағы қызметтер түрлерінде басымдықтарды айқындау үдерістері оңтайландыру көзделеді. Бүгінгі күні әлеуетті инвесторлардың қызмет түрлері қамтылмағандықтан, ондай жобалар АЭА аумағына жіберілмей келеді», - деп мәлімдеді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Рақым Ошақбаев. 

Оның айтуныша, екіншіден  арнайы экономикалық аймақтар үшін бірыңғай үйлестіру орталығы құрылады. Бұл ретте бірыңғай үйлестіру «KAZNEX INVEST» компаниясы базасында құрылмақ. «Оған басқарушы компания ретінде мемлекеттік акция пакетін бір бөлігін беру де көзделеді», - деді ол. 

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасындағы үшінші жаңалық - салық заңнамасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталады. Аталған норма негізінен Елбасының шетелдік инвесторлар кеңесінде жүктеген тапсырмасын орындауға бағытталады.  «Төртінші жаңалық - АЭА-тарда жер учаскелерін жеңілдікпен пайдалану мерзімін арттыруға бағытталып отыр. Қазіргі күні АЭА-тар 25 жылға құрылатын болса, ондағы жерді пайдалану қолданыстағы заң бойынша тек 10 жылға ғана беріліп отыр. Осыған орай, жаңа норма арқылы жерді пайдалану мерзімін АЭА қызметтерімен бірдей сәйкестендіру қарастырылады», - деді Р. Ошақбаев.

Жалпы, заң жобасы арқылы арнайы экономикалық аймақта басқару жүйесін жетілдіріп, инвестициялық ахуалды арттыру көзделеді.

Индира Кауметова




Яндекс.Метрика