Парламент

Сенат отырысында Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенция қаралды

Бүгін Сенаттың конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Нұр-Сұлтан 28 Қыркүйек, 11:23

ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов баяндағандай, бұл заң жобасының мақсаты Америка елдерінде сотталған азаматтарымызды қайтарып, қалған жазаны елімізде өтеуге мүмкіндік беру болып отыр.

Бірақ, оның сөзінше, бұл үшін бірнеше талап сақталуы керек. Біріншісі, сотталғанның өзі соны қалауы қажет, оның еркі болмаса мәжбүрлеп әкелінбейді. Екінші талап - екі жақтың Қазақстанның да, АҚШ-тың да тиісті органдарының келісімі. Мұнымен қатар, сотталғанның іс-әрекеті екі елде де қылмыс болып танылуы тиіс. Бұдан бөлек, өлім жазасы болмауы қажет және қалған жазаның мерзімі кемінде алты ай болуы шарт.

Бұл конвенцияның қатысушылары - Америка құрылығының 16 елі, кейін оған тағы үш мемлекет қосылмақ. Демек, А.Жақыпов атап өткендей, бір конвенциямен бір мезгілде Қазақстан 19 елмен қарым-қатынас орнатады. Келешекте конвенцияға қатысушы мемлекеттер саны көбеймек, ал жаңадан қосылған елдермен екіжақты келісім жасау қажет болмайды. 

Оның айтуынша, тек соңғы төрт жылда осындай 19 шартқа қол жеткізілген. Бүгінгі күні 28 елмен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

 





Яндекс.Метрика