Экономика

Байқоңыр кешеніндегі апаттық жағдайдағы объектілер есептен шығарылады

Байқоңыр қаласында «Байқоңыр» кешеніндегі объектілерді есептен шығару және кәдеге жарату бойынша дайындық мәселесі жөніндегі жұмыс тобының отырысы болып өтті, деп хабарлады Қазғарыштың баспасөз қызметі.
Қызылорда26 Қыркүйек , 12:06

Мәжіліске Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті (Қазғарыш) «Байқоңыр» ғарыш айлағы басқармасының, Қазғарыштың «Инфракос» РМК-нің, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Байқоңырдағы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің, «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы Роскосмос басқармасының, «Жерүсті ғарыштық инфрақұрылым объектілерін пайдалану орталығы» федералдық мемлекеттік унитарлы кәсіпорнының өкілдері қатысты.

«Осы іс-шараның барысында апаттық және нашар жағдайда тұрған, пайдалануға жарамайтын және әрі қарай пайдалануға және қолдануға қажет болып табылмайтын, сондай-ақ өзінің қызмет етуі белгіленген пайдалану мерзімінен асқан кешендегі объектілерді жою және кәдеге жарату мәселелері талқыланды», - делінген хабарламада.

Отырыстың қорытындысы бойынша хаттама қабылданды, оның шеңберінде ағымдағы жылғы қыркүйектің соңында «Байқоңыр» кешеніндегі кәдеге жаратуға белгіленген объектілердің тізбесі анықталатын болады.

Бірлескен жұмыс тобының кезекті отырысы 2015 жылдың 29 қыркүйегінде болады.




Яндекс.Метрика