Халықаралық интеграция

С.Дьяченко: Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыты – Еуродақпен қарым-қатынасты кеңейту

Мәжілісте Комитеттің тең төрағалары Ивета Григуле мен Сергей Дьяченконың төрағалығымен «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің 13-ші отырысы өтті.
Нұр-Сұлтан 26 Қыркүйек, 11:34

Келелі кеңеске Қазақстан Парламентінің қос палата депутаттары мен Еуроодақ елдерінің парламенттік өкілдері қатысты.

«Комитет құрылған 15 жыл ішінде екіжақты қарым-қатынастың жетістіктері мен күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді ашық әрі өзара сенім деңгейінде талқылайтын тиімді пікір алмасу алаңына айналды. Еуропалық одақпен әріптестік қарым-қатынасты кеңейту, одан әрі тереңдету Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі» -деді С. Дьяченко.

Сондай-ақ, С. Дьяченко отырыс барысында Қазақстан Президентінің 5 институциналдық реформалары, оны жүзеге асырудың 100 нақты қадам бағдарламасы еуропалық әріптестердің айрықша қызығушылығын туғызғанын атап өтті.

Ал, И. Григуле ханым, өз кезегінде  комитет отырысының жоғары деңгейде өтіп жатқанын, өте ауқымды мәселелерді қамтығанын алға тарта келіп: «Біз Қазақстанның үйлесімді қатынастарды дамыту және аймақтық ынтымақтастықты нығайту жолындағы мақсаттарына дән ризамыз. Бұл Қазақстан халқы үшін де, еуропалық елдер үшін де өте маңызды. Өзара түсіністік әрі сенім деңгейіндегі іс-шаралардың барлығы біздің елдеріміздің игілігіне қызмет етері сөзсіз»,-деді ол.

Айта өтейік, ынтымақтастық комитеті басқосу мен пікір алмасу үшін Қазақстан Парламенті мен Еуропалық Парламент мүшелерінің форумын құру мақсатымен Әріптестік және ынтымақтастық келісімі шеңберінде құрылған.

Комитет отырыстары Астана мен Брюссельде кезектесіп өткізіліп тұрады.

 





Яндекс.Метрика