Үкімет

Д.Назарбаева қызылшаға қарсы қосымша иммундеу өткізу бойынша кеңес өткізді

Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен қызылшаға қарсы қосымша иммундеу өткізуге дайындық мәселелері бойынша селекторлық кеңес өтті, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан25 Қыркүйек , 20:54

Мәжіліс жұмысына мүдделі мемлекеттік орган өкілдері, Астана және Алматы ққ. әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ақпаратына сүйенсек, а.ж. 1 қазаннан бастап 15-16 жас аралағындағы тұлғалар арасында қызылшаға қарсы егудің екінші кезеңі басталады. Бірінші кезең биыл ақпанда болған, алайда келеңсіз салдардың тіркелуіне байланысты тоқтатылған болатын. Ол кезде вакцинаны 881 мың адамның 60 пайызы алған. Екінші кезең аясында 305 мың адамды егу жоспарлануда.

 «Сонымен қатар, Санэпидемқызмет деректері бойынша биыл қызылшаны 2 мың бала мен ересек аламдар жұқтырған,  бұл 2013 жылмен салыстырғанда, 4,4 есеге көп», - деп атап өтті Н. Назарбаева.

Егудің бірінші кезеңін тоқтату себептері мен оларды жою бойынша қабылданған шаралар туралы министр Тамара Дүйсенова мәлімдеді.

«Бұл науқанның дайындық жұмыстары жеткілікті деңгейде болмады. Денсаулық сақтау мен әлеуметтік даму және ұлттық экономика министрліктері өз әрекеттерін үйлестіре алмағанын мойындау қажет. Иммундеуді ұйымдастыруда, жүргізуде қажетті қолдау көрсетілмеді. Бірінші кезеңде егуден кейін 399 жасөспірімнің өтініші тіркелген», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Т. Дүйсенова бірінші кезең қорытындысы бойынша мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп қателікті анықтау, оны жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізді.

«Тұтастай, бүгінде әлемде қызылша ауруына байланысты күрделі жағдай қалыптасқан. Батыс Еуропада 10 мыңнан астам жағдай тіркелсе, ТМД елдерінде   жұқтырғандар саны 14 мыңға жеткен. Қазақстанда да жағдай қуантарлық емес», - деді министр.

 «Статистикаға сәйкес өңірде қызылшаға қарсы иммундеу төмен деңгейде қамтылғандықтан, бұл ауруды жұқтырғандар саны арта түскен. Эпидемиологиялық жағдай мен ДДСҰ ұсыныстарын ескеріп, осы жылғы 1 қазаннан бастап қызылшаға қарсы қосымша иммундеуді жаңарту шешімі қабылданды», - деп түсіндірді Т.Дүйсенова.

Денсаулық министрлігі басшысының айтуынша, науқанды сапалы жүргізу үшін әр өңірде штаб құрылған, оларды облыс әкімдерінің орынбасарлары басқарады. 3567 егу бригадасы ұйымдастырылды, олардың құрамында 3500 дәрігер, 3600 медбике, 7000-нан астам тіркеушілер бар. Денсаулықмині және Санэпидемқызметтен жауапты қызметкерлер айқындалды. БАҚ-та тиісті түсіндіру-ақпараттық жұмыстар жүргізілуде.

Өз кезегінде, ҚР-дағы ДДСҰ өкілі Мелита Вуйнович Қазақстанда пайдаланылатын вакцина өндірушіден және ДДСҰ жүйесінен -  екі рет бақылаудан өткенін атап өтті.

«Біз барлық өтініштер мен зерттеулерді қарап шықтық, вакцинаға байланысты деген  ешбір дәлел таппадық. Бұл басынан белгілі жәйт еді. Біз вакцинаны сапалы, барлық талапқа жауап береді деп санаймыз», - деп атап өтті ол.

«Көп жағдайда, келеңсіз жағдайға алып келген жасөспірімдердің психогендік әрекеті. Бұл - вакцинаға емес, екпеге реакция», - деп түсіндірді ДДСҰ өкілі.

Сондай-ақ селекторлық режімде облыстар, Астана мен Алматы ққ. әкімдерінің орынбасарлары білім беру нысандарының және медициналық қызметкерлердің егудің екінші кезеңіне дайындығы туралы айтты.

Мәжілісті қорытындылай келе, Н. Назарбаева вакцинацияны сапалы жүргізу үшін барлық күштер мен ресурстарды жұмылдыру қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты вице-премьер бірқатар тиісті тапсырмалар берді.

ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 28 қыркүйекке дейін білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарын жоспардан тыс тексеруді аяқтап, вакцинация жүргізуге күнделікті мониторингті қамтамасыз етуді тапсырды.

Денсаулық министрлігі ДДСҰ мен ЮНИСЕФ сарапшыларымен бірлесіп  өңірлерге ұйымдастыру-әдістемелік көмекті қамтамасыз етіп, келеңсіз жағдайлар тіркелген жағдайда, практикалық және консультативтік көмек көрсетуі қажет.

Жергілікті атқарушы органдарға науқанды жүргізуге және БАҚ арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту үшін облыс әкімдері орынбасарларына дербес жауаптылық жүктеуді бекіту ұсынылды.




Яндекс.Метрика