Парламент

Мәжіліс спикері мен Еуропарламент депутаттары екіжақты ынтымақтастықты талқылады

Бүгін Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің 13-ші отырысына қатысуға келген Ивета Григуле бастаған Орталық Азия жөніндегі Еуропалық Одақ делегациясының өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан 25 Қыркүйек, 15:34

Тараптардың айтуынша, Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық сенімділік, теңқұқылық және өзара тиімді әріптестік деңгейінде табысты дамып, жыл сайын жаңа белестерді бағындырып келеді.

Қ. Жақыповтың атап өткеніндей, оған  жаңа кеңейтілген ынтымақтастық және әріптестік жөніндегі Келісім бойынша келіссөздердің аяқталуы дәлел бола алады. Қос тарап та аталған келісімнің жеделдетіп заңды күшіне енуіне ынталы екендіктерін білдірді.

Еуропалық Одақ біздің еліміздің сауда әрі инвестиция саласында ең ірі әріптестерінің бірі екенін алға тартқан Мәжіліс Төрағасы қазақстандық сыртқы сауда айналымның жартысы (49,7%) Еуропалық елдер үлесінде екенін атап өтті. Өткен жылы арадағы сауда айналымы 49 млрд. астам долларды құрады. Қазақстанда 6 мыңға жуық еуропалық компаниялар жұмыс істейді. Өткен он жыл ішінде еуропалық елдерден Қазақстанға тікелей инвестицияның жалпы ағыны 102 млрд. доллардан асты. 

Мәжіліс Спикері, қазақстандық-еуропалық ықпалдастықты сауда-экономика, индустриалды-инновациялық, білім, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау салаларында одан әрі дамыту қажеттілігіне көңіл бөліп, инвестициялық климатты жақсарту мақсатында қабылданып жатқан заңнамалық құжаттардың мүмкіншіліктеріне тоқталды.

Әңгіме барысында Қ. Жақыпов меймандарға Қазақстанның ең дамыған 30 елдің қатарына кіруіне серпін беретін Елбасының 5 институционалдық реформаларын, оны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету жайы туралы баяндады.

Ал, парламентаралық ынтымақтастық мәселесіне келгенде, Мәжіліс Төрағасы соңғы жылдары Еуропалық Парламент мүшелерімен қарым-қатынас белсенділігінің арта түскеніне назар аударды. Бүгінгі делегация құрамы соның айқын дәлелі.

Өз кезегінде Ивета Григуле Еуроодақпен Қазақстан арасындағы ықпалдастықтың табысты дамуын сөз ете келіп, 100 нақты қадам жоспарының межелі уақытта, жемісті жүзеге асуы тек Қазақстанның дамуына ғана емес, Еуроодақ елдерімен байланысты нығайтуға да зор ықпал ететінін атап өтті.

Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы парламенттік ынтымақтастық комитетінің 13-ші отырысы қазақстандық-еуропалық ықпалдастықтың, сонымен қатар парламентаралық байланыстардың нығаюына тың серпін беретінін айтып, отырыс жұмысына сәттілік тіледі.

 

 





Яндекс.Метрика