Қазақ хандығына 550 жыл

Ж.Қайырымденов: Кенесары үңгірі – туризмді дамытатын жер

Бурабайдағы Кенесары үңгірі – туризмді дамытатын жер. Бұл туралы Бурабайда «Ұлы дала елі» экспедициясы барысында «Мирас» көпбейінді мектеп-гимназиясының басшысы, тарихшы Жомарт Қайырымденов мәлімдеді.
Ақмола25 Қыркүйек , 14:47

«Өңіріміздегі Кенесары үңгірі – нағыз туризмді дамытатын жер. Ол жердің табиғаты да тамаша, тарихы да бай. Үңгір қазіргі таңда мектеп оқушыларының сүйікті орны  болып саналады. Ол Күміскөлден, яғни Бурабай көлінен екі шақырымдай жаяу жүріп, жоғарыға көтерілгенде, таудың етегінде орналасқан. Кенесары бұл жерде балалық шағында болған дейді, сонымен қатар Ресей отарлау саясатына қарсы күрес жүрген кезде сол  үңгірде жасырынған, тығылған деген деректер бар. Сол жерде өзінің серіктестерімен соғыс барысы туралы стратегиялық жоспарлар жасады деген мәлімет те бар. Сондай-ақ, үңгірдің қасынан Кенесары ханның балтасы табылған болатын. Қазір ол мұражайда сақтаулы», - деді Ж.Қайырымденов.

Ауыздан ауызға тараған аңыз бойынша, Хан Абылайдың  немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары бала кезінен атқа мініп, садақпен нысананы дәл көздеуді үйренген. Бурабайдың тоғайлы сай-саласында жабайы жануарларға аңшылыққа шығуды жақсы көріпті. Аңға шығып, қанжығасы майланып қайтқаннан кейін өзінің жасағымен осы үңгірде қонған екен. Сол себепті, ел аузында ол  «Кенесары үңгірі» деп аталып кеткен. 

Үңгірдің көлеміне келсек, ол сегіз қанатты киіз үймен бірдей. Төбесінде түтін шығатын саңылауы бар. Алдындағы кішігірім алаңнан өлкенің көркем табиғаты жақсы көрінеді.




Яндекс.Метрика