Саламатты Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы

Алматы облысында 250 орындық емхана ашылды (ФОТО)

Көксу ауданының Балпық би кентінде 250 орынға арналған жаңа емхана ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Алматы 24 Қыркүйек, 15:54

Жаңа нысанды аралаған өңір басшысы денсаулық сақтау нысанының қолданысқа берілуімен жиналғандарды құттықтай келе, бұл емханада сапалы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдайдың жасалғандығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындап берген  Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыруда негізгі басымдылық – ол тұрғындарға алғашқы медициналық - санитарлық көмек көрсетуді жақсарту. Бұл жоспар еліміздің медицина саласын одан әрі дамытуға оң әсер етпекші. «Ұлт денсаулығы – біздің жарқын болашағымыздың негізі», - деп атап көрсеткен болатын. 

Елімізде денсаулық сақтау саласының дамуына көп көңіл бөлінуде.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында денсаулық сақтау ісін реформалау, халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсарту жөніндегі іс-шаралар тиімді жүзеге асып келеді, - деп атап өтті А.Баталов.

Емхананың құрылыс жұмыстары 2014 жылдың сәуір айында басталған болатын. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 1,5 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінген. Емхана 3 қабаттан тұрады. Ғимараттың жалпы көлемі 3,6 мың шаршы метр. Емхана күніне 250 адамды қабылдай алады. Онда терапия, хиругия, неврология, жұқпалы ауруларды оқшаулау кабинеттері, балаларды қабылдау бөлмесімен әйелдерге кеңес беру, зертхана,  рентгендік зерттеу және ультрадыбыстық зерттеу бөлмелері бар. Емхананың медицина қызметкерлерінің айтуынша, табысты жұмыс істеу үшін, барлық жағдайлар қарастырылған.

Балпық би кентінің тұрғындары жаңа емхананың ашылуына байланысты өздерінің ыстық лебіздері мен ризашылықтарын білдіруде.

 





Яндекс.Метрика