Парламент

Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы заң жобасы Мәжілісте мақұлданды

Мәжілістің жалпы отырысында төменгі палата депутаттары «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» заң жобасын мақұлдады.
Нұр-Сұлтан23 Қыркүйек , 12:03

«Агроөнеркәсіп кешеніндегі проблеманың бірі – өндірістің ұсақ тауарлы сипатта болуы. Оны ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлеміндегі шағын шаруашылық жүргізу нысандарының үлесі жоғары екені растайды. Осылайша, статистика мәліметтеріне сәйкес 2014 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 45,7 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесіне, 31 пайызы шаруа және фермер қожалықтарына, 23 пайызы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына тиесілі болды. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер кооперативтерге белсенді түрде бірікпейді», - деп баяндады ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. 

Заң жобасының мақсаты ауыл шаруашылығы кооперативтерінің барлық түрлерін өндірістік кооперативтің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы коммерциялық заңды тұлғалар ретінде айқындау болып табылады.

 Себебі бүгінгі күні ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін қоспағанда, ауыл шаруашылығы кооперативтері түрлерінің басым бөлігі коммерциялық емес ұйымдар болып саналады, яғни өз мүшелерінің арасында табысты бөлуге құқығы жоқ, бұл осы бірлестіктер түрінің тартымдылығын айтарлықтай шектейді. 

Министрдің  сөзінше, 2015 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, республикада бар-жоғы 1481 ауылдық тұтыну кооперативі ғана бар. 

Заң жобасы бойынша ауыл шаруашылығы кооперативі өз мүшелерінің әртүрлі мүдделерін қанағаттандыру мақсатында бірлескен қызметті жүзеге асыру үшін жеке және заңды тұлғалардың ерікті бірігуі жолымен құрылған заңды тұлғаны білдіретін болады. 

Мұнымен қатар, заң жобасында кооперативке қатысудың еріктілігі, өзара көмек көрсету және экономикалық пайданы қамтамасыз ету, кооператив мүшелерінің теңдігіне негізделген демократиялық басқару: бір мүше - бір дауыс және өзге де қағидаттар бекітіледі.

Заң жобасында ауыл шаруашылығы кооперативі үшін жыл сайынғы ішкі аудит жүргізудің міндеттілігін енгізу ұсынылып отыр, бұл үшін әрбір кооператив ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағына кіруге міндетті болады. Бұл ретте бастапқы кезеңде ішкі аудитті жүргізуге жұмсалатын шығындардың 50 пайызына дейін бюджет есебінен субсидияланады. 

Сондай-ақ, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауыл шаруашылығы кооперациясы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын да екі оқылымда талқылады.

 




Яндекс.Метрика