Үкімет

ҚР Премьер-Министрі Алматы спутник-қалаларындағы нысандардың құрылысымен танысты

Бүгін, 25 қазан ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Алматы облысына жұмыс сапары барысында Алматы G-4 Сity спутник- қалалардағы нысандардың құрылысымен танысты.
Алматы25 Қазан , 16:19

«Болашақта G4 City жобасы Алматы мен Қапшағай тас жолы бойында орналасатын төрт шағын қалалардың құрылыстарын қамтиды. Қалалардың осылайша бірегей орналасуы барлық жобаны біртұтас қуатты, жоғарғы технологиялы және қазіргі заманғы конгломератқа біріктіруге мүмкіндік береді. Жоба бойынша құрылыстың жалпы аумағы 8 мың гектардан артық», - деп хабарламада нақтыланған. 

Сондай-ақ нысандар басында аймақтың инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Алматы-Астана, Алматы-Өскемен, Алматы-Қорғас, Үлкен Алматы айналма автокөлік жолдарының, Алматы қаласын орап өтетін темір жол желісі құрылыстары жобаларының орындалысы туралы Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиев баяндады.

Серік Ахметов бұл жобалардың транзиттік әлеуетті арттыру, Қазақстанның экономикасын дамыту үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

Ол сондай-ақ «Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында автокөлік жолдары құрылысының жағдайы мен сапасын әділ сынға алды»,-деп атап көрсетті.

С.Ахметовтің айтуынша, бүгінде елімізде негізгі жол желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Астана-Өскемен тас жолының Павлодар жағында, Астана-Қарағанды тас жолының Алматы жағында құрылыс жұмыстары атқарылуда, сондай-ақ Арқалық пен еліміздің батыс жағына тартылатын жолдарды жобалау басталды.

«Әлемде жол құрылысының сапасын қамтамасыз ететін технология бар, ендеше, Көлік және коммуникация министрлігі сол технологияларды белсенді түрде пайдалануы тиіс»,-деді С.Ахметов.

Үкімет басшысы сонымен бірге назарды жергілікті инфрақұрылымдарды, облыстық маңыздағы жолдар құрылысын кеңейту мен нығайтуға аударды.




Яндекс.Метрика