Ауыл шаруашылығын жаңғырту

Қазақстанның аграрлық ғылымы маңызды реформалар алдында

Отандық аграрлық ғылымды реформалау бағдарламасы ауыл шаруашылығы зерттеулерінің заманауи, тиімді ұлттық жүйесін құруға бағытталған. Алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибе мен Қазақстандағы аграрлық ғылымның тарихи қалыптасқан жүйесімен астасқан Бағдарламаның негізгі бағыттары ҒЗТКЖ салалары мен жоғары білім берудің және аргоөнеркәсіптік өндірістің арасындағы сатылап кірігуді қамтамасыз етеді. Бағдарламалық құжаттың мазмұны туралы «ҚазАгроИнновация» АҚ Басқармасының төрағасы Сергей Могильный толығырақ әңгімелеп берді.
Казахстан08 Қаңтар , 00:00


- Аграрлық ғылымды реформалау Бағдарламасының жобасы нені білдіреді?

- Отандық аграрлық ғылымды реформалау бағдарламасының мақсаты АӨК-де жаңа технологияларды жасау мен таратудың заманауи, тиімді және бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыру болып табылады.

Бағдарлама жобасы негізгі төрт бағытқа бөлінген шаралар кешенін біртіндеп жүзеге асыруды қарастырады.

Біріншіден, 2007 жылы «ҚазАгроИнновация» АҚ-н құрумен басталған аграрлық ғылымды басқару жүйесін реформалау аяқталады. Яғни, ауыл шаруашылығы дамыған барлық елдердегі сияқты, ауыл шаруашылығы зерттеулерінің ұлттық  жүйесінің   бірыңғай операторы құрылып, ол салалық инновациялық жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті барлық құралдармен жарақталады.

Іс жүзінде, Қазақстанда қазірдің өзінде «ғылыми зерттеулер – тәжірибелік-сынақ жұмыстары – нәтижелерді практикаға енгізу» моделі бойынша жұмыс істеуді қарастыратын аграрлық ғылымның құрылымы қалыптасып үлгерді. Осы модель тиянақты жұмыс істеуі үшін қосымша бірқатар мәселелерді шешіп алу қажет, атап айтқанда:  барлық қатысушылардың көрсетілген модель ішінде тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қазіргі және болжалды проблемалары толығымен ескерілетін, ғалымдарға  арнап мақсат қоюдың тәуелсіз жүйесін құру,   әлемде кең таралған зерттеу тақырыптарын қалыптастырудағы біріккен ғылыми-технологиялық форматқа көшу және университеттер мен агробизнес субъектілерінің өзара әрекеттестігін дамытуға назар аудару қажет.

Алайда, бұл бағыттағы ең бастысы –Қазақстанның солтүстік өңірі үшін Ақмола облысының Научный кентінде және Қазақстанның оңтүстік өңірлері үшін Алматы облысында аграрлық ғылымның екі  алдыңғы қатарлы орталығын  құру болып табылады. Бұл Мемлекет басшысы қойған тапсырма және ауыл шаруашылығын басқарудың жаңа моделіне неғұрлым тезірек көшу үшін аса қажетті шешім. Іс жүзінде, аталған орталықтар біз аграрлық ғылымды басқару жүйесін реформалау туралы айтқанда есте ұстайтын барлық амал-тәсілдерді өзінде біріктіретін және практика жүзінде іске асыратын ілкі жобалар толып табылады.

Екіншіден, қаншалықты қарабайыр боп естілсе де, бірақ ең алдымен  ауыл шаруашылық зерттеулерін мемлекеттік қаржыландыруды ұлғайту мәселесін шешу қажет. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртетін болсақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлемдік нарығында жетекші орын алатын дүние жүзі елдерінің ешқайсысында аграрлық ғылымды мемлекеттік қаржыландыру саланың ішкі өнімі көлемінің 1% кем емес.

Қазақстанда бұл көрсеткіш 2012 жылы 0,17% құрады. Ақшаға шаққанда бір зерттеушіге мемлекет жылына мөлшермен 24 мың АҚШ  долларын бөледі,  ал басқа елдерде бұл көрсеткіш ең аз дегенде 6-7 есе көп.  Ал, АҚШ, Франция, Австралия сияқты елдер бір зерттеушіге ондаған есе көп қаржы бөледі.

Аграрлық ғылымды қаржыландыруды түбегейлі қайта қарамайынша, саланың алдында тұрған міндеттерді табысты жүзеге асыру мүмкін емес. Кадрлық қамтамасыз ету де, инфрақұрылымды жаңғырту да, зерттеулерде қолданылатын әдістемелердің технологиялылығы да, және ең бастысы – аграрлық ғылымның барлық жүйесінің нәтижелілігі де қаржыландыруға тәуелді.

- Алайда, жаңағы айтқан дамыған елдерде ауыл шаруашылығындағы ғылыми әзірлемелерді қаржыландыру тек мемлекет есебінен ғана емес, жеке инвестицияның да қомақты үлес қосуы арқылы жүргізілетінін ұмытпауымыз керек. Бізде ірі агробизнес өкілдерінің ауыл шаруашылығы ғылымына инвестиция салуға деген қызығушылығы байқала ма?

- Бұл жерде бірнеше маңызды сәттерге тоқтала кеткім келіп отыр. Ғылымды бизнес тарапынан жасалатын жанама қаржыландыруға бейімдеу қажет деген пікір тараған. Бұл әділетті ұстаным, біз мұны өз жұмысымызда басшылыққа аламыз және соған ұмтыламыз да. Бірақ, аграрлық ғылымның өзіндік ерекшелігі бар: ауыл шаруашылығы зерттеулерінің ең тиімді әрі жақсы  дамыған жүйелерінде де  ҒЗТКЖ-ді бизнес тарапынан қаржыландыру  жалпы қаржыландыру көлемінің 18% аспайды. Әрі дамыған елдерде бизнес ауыл шаруашылығы зерттеулерінен  алынатын ғылыми нәтижелердің бәсекеге қабілеттілігіне көз жеткізген кезде ғана қаржыландыра бастайды. Оған дейін қажетті құзыретті қалыптастыру, инфрақұрылым мен аграрлық ғылымды басқару жүйесін құрудың барлық шығынын мемлекет көтереді. Біз қазір дәл осы кезеңде отырмыз.

Екінші аспект – жай ғана қаржыландыруды ұлғайту арқылы тиімділік күрт артып, дереу қайтарым алуға  болады деген түсініктің ақылға сыймайтындығында. Сондықтан, біз ең алдымен бөлінетін қаржыны тиімді пайдаланудың міндетті факторы ретіндегі аграрлық басқарудың жаңа жүйесін құру қажеттігі туралы айтудамыз.

Мемлекеттік қаржыландыруды ұлғайту басқарудың жаңа жүйесін құрумен қатар,  бірақ біртіндеп – 2015 жылға қарай саланың ішкі өнімі 1% жеткен кезден бастап жүруі қажет.

Үшіншіден, біз кадр саясатын қайта қарауымыз қажет. Оның негізгі бағыты ғылымға талантты, кәсіпқой жастарды тарту үшін бәсекеге қабілетті жағдай туғызу болып табылады.

Бұл біріншіден, ғалымдардың еңбек ақысын көтеру. Мұнда да мемлекеттік қаржыландыруды ұлғайту мәселесі алға шығады.

Екінші – лауазымдық өсудің қарапайым, түсінікті әрі ашық моделін қалыптастыру, яғни жұмысқа келген жас маман өзінің қалай, қашан және қандай шарттар арқылы лауазымдық жағынан өсе алатынын нақты білуі қажет. Дамыған жүйелерде қолданылатын лауазымдық өсудің бұл түрі эволюциялық модель ретінде белгілді.

Үшінші – дарынды жастардың біліктілігін, шығармашылық және кәсіби өсуін ынталандыру.

Төртіншіден, заманауи және тиімді ғылым туралы айта келіп, инфрақұрылым мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Бүгінде  «ҚазАгроИнновация» АҚ-ның 20 жылдан асқан ескі   зертханалық қондырғыларының үлесі 50% шамасында, ал шетелдерде негізгі қондырғыларды әр 3-5 жыл сайын жаңарту жолға қойылған.

Отандық аграрлық ғылымды реформалаудың жоғарыда сипатталған барлық төрт бағыты кешенді түрде қарастыру қажеттігін атап айтқым келеді, себебі олар  жеке-дара қалпында біз күткен нәтижеге жеткізбейді.  

- «ҚазАгроИнновацияға» бағдарлама бойынша қандай міндет жүктелген?

- «ҚазАгроИнновация» АҚ-ы, іс жүзінде ауыл шаруашылығы зерттеулері ұлттық жүйесінің  операторы болады, бұны Бразилиядағы EMBRAPA, Аргентинадағы  INTA, Франциядағы INRA және басқа да осындай бағыттағы  әлемге әйгілі ұйымдар сияқты деуге болады. 2007 жылы біздің компаниямыз осы мақсаттар үшін ғана құрылғанын айтпай кетуге болмайды.

Бүгінде «ҚазАгроИнновация» АҚ  корпоративті жүйесінің құрамына жанама міндеттерді атқаратын 26 филиалы, 14 тәжірибелік-сынақ ұйымы мен 6 мамандандырылған ұйымдары бар 23 ғылыми-зерттеу ұйымы кіреді.

Оператордың нақты функциясы мынадай: біріншіден, АӨК саласындағы барлық ғылыми-зерттеу бағдарламалары бойынша басты ұйымның рөлін атқару.

Екіншіден, ҚР «АӨК дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету туралы» Заңына сәйкес «ҚазАгроИнновация» АҚ-на мамандандырылған ұйым ретінде жүктелген міндет, атап айтқанда АӨК дамытуды ғылыми және инновациялық қамтамасыз ету.

Үшіншіден, бұл еншілес ұйымдардың активтерін, кадр саясатын  басқаруға қатысты жалғыз қатысушының  функциялары.

- Бүгінде жұмыс істеп тұрған технологияға айналып кеткен инновациялық әзірлемелер туралы не айтасыз және олар салада қандай қайтарыммен қолданылуда?

- Бүгінде «ҚазАгроИнновация» АҚ-да  бағдарламалық-мақсатты  қаржыландыру шеңберінде 37 зерттеу жобалары жүзеге асырылуда. Жанама орындаушылар ретінде  48 ғылыми-зерттеу ұйымдарын атауға болады, олардың 32 –і «ҚазАгроИнновация» АҚ еншілес ұйымдары.

Нақты мысал келтіретін болсақ, ресурс үнемдеу технологияларын зерттеу Қазақстанның 12 өңірінде жүргізіліп, оның барысында алынған тәжірибе де қоса таратылуда. Оның нәтижесі ретінде Қазақстанда ылғал ресурсын үнемдеу технологиясы қолданылатын аумақтардың ұлғаюын атауға болады, мысалы 2012 жылы мұндай аумақ 12 млн га астам жер көлемін құрады. Жүгері мен астықты жақсарту жөніндегі халықаралық орталық сарапшыларының бағалауынша, үстіміздігі жылы ылғал ресурсын үнемдеу технологиясын қолдану нәтижесіндегі астық түсімі 720 мың тоннаны, немесе ақшаға шаққанда  220 млн АҚШ доллар шамасында болды.

Екінші бағыт  – өсімдік шаруашылығы өндірісін әртараптандыру. Ақмола облысындағы А.И.Бараев атындағы ҒӨО базасында жаздық рапсты өңдеуде ең төменгі және нөлдік технологияны қолдану жөніндегі зерттеулер жүргізілуде.

Қазақстан мақта шаруашылығы ҒЗИ-да іске асырылып жатқан «Жерді 55-56 см тереңдікте жырту» жобасын сәтті жобалардың бірі ретінде атап өткім келіп отыр. 2012 жылы оны қолданған фермерлер әдеттегі технологияға қарағанда 1,5-2 есе көп өнім алды, ал әзірлеменің авторлары «Рационализатор.kz» Республикалық конкурсының жеңімпаздары атанды.

Францияның Ауыл шаруашылық зерттеулердің Ұлттық институтымен (INRA) бірлесіп, Қазақстанда алғаш рет ірі қара малды гендік сұрыптауды енгізу жөніндегі жоба жүзеге асырылуда.

Сәтті әзірлемелерді практикаға енгізу үшін «ҚазАгроИнновация» АҚ базасында 2009 жылдан бері АӨК саласындағы білім беруді тарату жүйесін дамыту жөніндегі жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде біздің еншілес ұйымдарымыздың базасында 10 білім беруді тарату орталығы ашылған, олардың базасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алдыңғы қатарлы технологияларды өндіріске енгізуді оқып-үйренеді. Барлығы 9 200 астам адам оқу оқыды. АӨК субъектілеріне тікелей консультация беру ісі де жолға қойылған: 2 жыл ішінде АӨК 5 000 шақты субъектісіне консультация берілген.

- Бүгінде «ҚазАгроИнновация» АҚ өз алдына қандай басымдықтарды қойып отыр?

- «ҚазАгроИнновация» АҚ 2012 жылға арналған негізгі басымдықтары төртеу. Ең алдымен біз  отандық аграрлық ғылымды реформалау бағдарламасын іске асыруға кірісуіміз қажет. Саланы тиімді ғылыми қамтамасыз ету мақсаттарын шешуге қажетті шаралар кешені тек сонда ғана қарастырылған.

Жоспарланған амал-тәсілдерімізді 2014 жылы іске асыра бастауымыз үшін  біз, 2013 жылдың барысында барлық дайындық шараларын жүзеге асыруымыз қажет.

Екінші сөзсіз басымдық – Аграрлық зерттеулердің оңтүстік орталығын құру жөніндегі жобаалды құжаттарын әзірлеуге кірісу. Отандық аграрлық ғылымды реформалау бағдарламасын әзірлеу сияқты, бұл да Мемлекет басшысының тапсырмасы, сондықтан да біз оны сапылы әрі уақытылы орындауымыз қажет.

Үшінші басымдық – үздік ғылыми әзірлемелерді тездетіп өндіріске енгізу. Бүгінде біздің ғалымдарымыз жеткілікті түрде бәсекеге қабілетті ғылыми әзірлемелерді дайындады, олар тақау араның өзінде еңбек өнімділігін анағұрлым арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, соңғы 5 жыл ішінде ғана отындық сұрыптаудың 250 астам отандық ауыл шаруашылығы дақылдары жасалып, жергілікті жерлерде өңдеуге толығымен бейімделді, олардың 50% қазірдің өзінде қолдануға рұхсат беріліп, іс жүзінде пайдаланылуда.

Және соңғы, төртінші басымдық – қажетті технолгиялар мен білімнің белсенді трансферті үшін әлемдік ғылыми жүйеге кірігу. Бүгінде дүние жүзіндегі бірде бір ауыл шаруашылығы зерттеулері жүйесі автономды түрде жұмыс істемейді, халықаралық ынтымақтастық алдыңғы қатарлы технологияларға қол жеткізудің қажетті шарттарының бірі болып табылады. Бұдан біз де шет қалмауымыз керек – отандық аграрлық ғылым алдыңғы қатарлы тәжірибе мен ғылымды қабылдап алып, оны өзіміздің жағдайымызға бейімдеуі қажет.«ҚазАгроИнновация» АҚ бүгінде мұны барынша жедел, әрі тиісті бағыттағы өзінің құзыретін жетілдіре отырып жасай алады, сөйтіп АӨК тұрақты дамуының негізін салады.




Яндекс.Метрика