Өңірлер

Қызылорда облысында күріш жинау науқаны басталды (Фото)

Жалағаш ауданы «Ер-Әлі» щаруашылығында облыс диқандарының күріш ору науқаны салтанатты түрде басталып, ашық аспан астында «Дала күні 2015» семинары өтті. Шараға аймақ басшысы Қ.Көшербаев және ауыл шаруашылық саласының мамандары қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Қызылорда 29 Тамыз, 13:07

Алдымен шаруақожалықтар осы жерде бір-біріне тың әдістерін айтып, тәжірибе бөлісті. Мәселен, «Ер-Әлі» шаруа қожалығы өткен жылдан бастап жерді тегістеп барып, күріш тұқымын сеуіп жатыр. Мәселен, былтыр егіс алқабының 30-40 пайызы осындай тың әдіспен егілгеннің өзінде орташа есеппен әр гектардан 65 центнерден өнім алған. Биыл егіс алқапты толықтай тегістеп, күріш екті. Өнімнің қаншалықты мол болатынын салыстырмалы түрде бағамдай беріңіз. Мамандар жердің тегіс болуы жаңа технологияның жұмыс істеуіне ыңғайлы екендігін айтып отыр. Сондай-ақ, күріштің шығымдылығына да пайдасы мол. Шетелдік тәжірибеде осындай жерді тегістеп еккен шаруаларға ғана субсидия төленеді екен.

Субсидия демекші, облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов министрлікке күріштің гектарына емес, алған өнімділігіне қарай төлеу қажеттігін ұсынғанын жеткізді. Расында бұл механизм іске асса, жаңашылдық енгізіп, мол өнім алғандар ұтатыны анық.

Биыл 164 мың гектарға егін егілсе, соның 84 мыңға жуығы күрішке тиесілі. Мамандар межеден көп болғандығын айтуда. Өз кезегінде су тапшылығына әкеп соққан. Бірақ тиісті шешімдердің дер кезінде қабылдануының арқасында төккен тер еш кеткен жоқ. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін әртараптандыруға назар аудару қажеттігі айтылды. Яғни, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын көбейту қажет. 





Яндекс.Метрика