Халықаралық интеграция

Елбасы АҚШ-тың бұрынғы сенаторы Сэм Наннмен кездесті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың бұрынғы сенаторы Сэм Наннды қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы27 Тамыз , 19:08

Қазақстан Президенті бұл кездесудің Семей полигоны жабылған күн мен Біріккен Ұлттар Ұйымы атап өтетін Халықаралық ядролық сынаққа қарсы іс-қимыл күні қарсаңында өтуінің символдық мәні бар екеніне тоқталды.

Мемлекет басшысы полигон жабылғаннан бергі жылдар бойы С.Нанн елімізге қолдау көрсетіп келгенін айтты.

 «Бұл мәселенің тарихын сізден артық ешкім білмейді. Біздер үлкен жұмыс атқардық деп санаймын, ол жұмыс бүгінгі келісімге қол қоюмен аяқталып отыр. Қазақстан – дүниежүзілік антиядролық қозғалыстың бастамашысы әрі көшбасшысы, бұған оның моральдық құқығы бар. Мен өзім осы мәселеге арналған барлық халықаралық саммиттерге қатысып келемін», –  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

С.Нанн Қазақстанда аз байытылған уран банкін құру туралы келісімге қойылуының маңыздылығын атап өтті.

«Бұл – ядролық энергияны әскери мақсатта пайдаланудан бас тарту үшін барлық мемлекеттер ынтымақтасатын болашаққа қарай жасалған алғашқы қадам. Қазақстан және Сіз өзіңіз бұл орайда әрдайым үлгі көрсетіп келдіңіз, өзгелерді соңыңыздан ерттіңіз. Сіздің еліңіз бұл үшін қандай қадам жасағанын бүкіл әлем біледі, өйткені дәл осы жерде ядролық полигонды жабу туралы шешім қабылданды. Қазақстан ядролық бағдарламаларға қатысты не істеу қажеттігі туралы әрдайым жақсы өнеге көрсетіп келді», – деді АҚШ-тың бұрынғы сенаторы. 

 




Яндекс.Метрика