Өңірлер

Алматы облысында «Агробизнес – 2020» бағдарламасына 24,7 млрд теңге бөлінді

Талдықорған қаласында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыс әкімдігінің отырысы өтті. Күн тәртібінде Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы туралы мәселе қаралды, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Алматы27 Тамыз , 20:32

Аталмыш тақырыпқа орай облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров баяндама жасады. 2015 жылы бағдарлама шеңберінде 24,7 млрд. теңге, соның ішінде субсидиялауға 21,9 млрд. теңге қарастырылған. Мәселен, биылғы жылдың 7 айында ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 144,3 млрд. теңгені құрап, 2014 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 7,5 % өскен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 121,4 млрд. теңгенің дайын өнімі өндірілді. Сонымен қатар С. Бескемпіров «Агробизнес - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында бірқатар кемшіліктерге жол берілгенін де тілге тиек етті. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығына заманауи технологиялар енгізу жұмыстары баяу жүруде, тамшылатып суару технологиясын қолдану алаңы көлемінің азаюына жол берілген, мал бордақылау алаңдары мен ірі қара етін экспорттау ісі жүйелі жолға қойылмай келеді.

Баяндамашының хабарламасынан кейін облыс әкімі А. Баталов орын алған кемшіліктерге қатысты бірқатар сауалдар қойды. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламаларын орындау көрсеткіштерін көтеру, ірі қара мал етінің экспортын арттыру, шағын сүт фермаларын ашу, ылғал сақтау технологиясын қолдану көлемін, өңдеу көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Панфилов, Қаратал, Көксу аудандарының әкімдері ауыл шаруашылығында атқарылған жұмыстары мен кемшіліктерді жою бағытында қолға алынатын шаралары туралы айтты.

 «Облыстағы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін бағдарламаны орындау кезеңінде 66 млрд. теңге бюжет қаржысы бөлінді. Дегенмен бағдарламаның орындалуында елеулі кемшіліктер бар. Түйінді мәселелерді шешу, «Агробизнес - 2020» бағдарламасының толыққанды жүзеге асырылуы ең алдымен, аудан, қала әкімдерінің істі қалай ұйымдастыра білуіне байланысты. Әкімдер жергілікті жерлерге, әсіресе, ауыл шаруашылығына инвестиция тартып, іскер азаматтарды жұмылдыра білсе, фермерлік шаруашылықтар, сүт-тауарлы фермалар, бордақылау алаңдарын ашу, ет экспортының әлеуетін арттырудағы мәселелер шешілетін болады. Сондықтан бұл істе, аудан-қала әкімдері, ширақ жұмыс істеңіздер. «Агробизнес - 2020» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты мен маңызын, субсидия берудің шарттары мен толтырылатын құжаттардың ретін шаруашылықтарға жеткілікті деңгейде түсіндіру керек. Субсидия нақты жұмыс істейтін, ісінен нәтиже шығаратын шаруа адамдарына берілуіне ерекше мән беру қажет. Мемлекет басшысы аграрлық облыс ретінде алдымызға үлкен міндет жүктеді. Біз бұл салада сапалы өнім өндіріп, өзіміздің ішкі нарықты қамтамасыз етіп, артылғанын сыртқы нарыққа шығаратын деңгейге жетуіміз керек», - деді А.Баталов.

Отырыс соңында қаралған мәселеге байланысты әкімдік қаулысы қабылданды.

 

 




Яндекс.Метрика