Инвестициялар

Оңтүстік Кореялық компания ШҚО-да 300 орындық аурухана ашуға мүдделі

Облыс әкімі Оңтүстік Кореяның «POSCO E&C» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында оларға аймағымыздың концессиялық жобаларына қатысу ұсынысы айтылды, деп хабарлады ШҚО ақпараттық орталығы.
Шығыс Қазақстан27 Тамыз , 11:07

Аталмыш компания өкілдері Өскемен қаласында 300 орындық көпсалалы қалалық аурухана мен Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылыстарының концессиялық жоспарын жүзеге асыруға әзір екендерін жеткізді.

«POSCO E&C» компаниясының Орта Азия және Ресей елдеріндегі бөлімшесінің өкілі Ли Ду Хонгтың айтуы бойынша, олардың бұл жұмыстарда тәжірибелері мол және ресурстары жеткілікті.

 Өз кезегінде облыс әкімі Даниал Ахметов мүдделі мекемелерде концессиялық жобаларды келісу жұмыстары аяқталған соң, байқау рәсімі жарияланып, онда Оңтүстік Корея компаниясы қатыса алатындығын айтты.

Шығыс Қазақстан облысы Оңтүстік Кореямен денсаулық сақтау саласында тығыз байланыста екендігін айта кету керек. Екі ел арасында үнемі тәжірибе алмасу жүргізіліп, Корея клиникаларында ота жасалуда, сондай-ақ, Оңтүстік Кореяның мамандары шығысқазақстандық әріптестеріне арнайы шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады.

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика