Адами капитал

Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің ректоры А.Мұсақожаева Данкук Университетінің докторы атағына ие болды

Сеул (Оңтүстік Корея). Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің ректоры, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Айман Мұсақожаеваға Данкук Университетінің (Оңтүстік Корея) PhD құрметті ғылым докторы атағы берілді, деп хабарлады ҚР МСМ.
Әлемде 26 Тамыз, 11:19

Құрметті PhD ғылым докторы дипломын танымал қазақстандық скрипкашы Данкук Университетінің ПрезидентіХо-сунг Чангтың қолынан алды. Салтанатты түрде диплом тапсыру рәсімі Оңтүстік Кореяның жетекші университетінің түлектерін жыл сайынғы ресми марапаттау аясында өтті.

«Бүгін мен үшін ерекше күн. Данкук Университетінің құрметті докторы дәрежесін алу мен үшін үлкен мәртебе әрі екі елдің халықтары алдындағы үлкен жауапкершілік. Мен негізін Елбасы Н.Ә. Назарбаев қалаған Қазақ Ұлттық Өнер Университетіне ашылған сәттен басшылық етіп келемін. Міне осы екі онжылдық бойы білім ошағы Тәуелсіздігіміздің жемісі мен жеңісіне куә болып, нығая түскен мемлекетімізбен бірге дамып, өсіп келеді. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде барлық күш-жігерімді арнап, сарқылмас шабыт аламын», — деп атап өтті Айман Мұсақожаева.

Есімі әлемге әйгілі танымал скрипкашы университеттің Президенті мен жетекші топ-менеджерлеріне Данкук университетінің құрметті ғылым докторы атағын сеніп тапсырғандары үшін өз алғысын білдірді.  

« Университеттеріңіздің басты ерекшелігі жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту болып табылады, бұл өз кезегінде мәдениеттің дамуына, дүниетанымның қалыптасуына оң ықпалын тигізеді. Университет ғылыми-ағартушылық, мәдени орта қалыптастыруда, оның әлемнің алдыңғы шебіндегі білім ордаларының қатарына енуге зор әлеуеті бар», — деді Айман Мұсақожаева. 

Данкук университеті корей елінің ұлттық мұраты мен мүддесін жүзеге асыруға айрықша үлес қосып, мәдени дәстүрі мен бай тарихты негізде дамып келе жатқан университет ретінде белгілі.

Бірнеше даму кезеңдерінен өткен Данкук Университеті мектептік білім беру жүйесінен бастап, бакалавриат, магистратура және докторантура сияқты халықаралық жоғары білім беру бағдарламаларына дейінгі жолды өтіп, Кореяның жетекші университеттеріне айналды.

 

 





Дерекнама

Яндекс.Метрика