Білім беру

Астанада Қазақстан жоғары оқу орындарының ректорлары Кеңесінің алғашқы мәжілісі өтті

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан жоғары оқу орындарының ректорлары Кеңесінің мәжілісі өтті, деп хабарлады ЖОО-ның баспасөз қызметі.
Астана қаласы 25 Тамыз, 19:13

Кеңес жұмысына ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаев, халықаралық байланыс және ЖОО-дан кейінгі білім беру департаменті директорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры мен еліміздегі жоғары оқу орындарының  (ұлттық, мемлекеттік, акционерлік қоғамы) 39 ректоры қатысты.

Кеңес жұмысын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры,  Қазақстан жоғары оқу орындарының ректорлары Кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдықов жүргізіп отырды.

Орайы келгенде айта кетейік,  Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының ректорлары Кеңесі жоғары білім беру жүйесін жетілдіру, болашақ мамандарды даярлаудың өзекті мәселелерін шешу және 2015 жылдың 10 мамырында ҚР Білім және ғылым министрлігінің №288 бұйрығымен отандық ғылымды дамыту бойынша ЖОО арасында қарым-қатынастың нығаюы үшін құрылды және  Кеңес төрағалығына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Бәтташұлы Сыдықов сайланды.

Осы бұйрық бойынша ректорлар Кеңесі және ректорлар Кеңесінің  құрамы бекітіліп, оған еліміздің 39 жоғары оқу орындарының ректорлары  енген болатын. Айта кетері, бұл Кеңестің консультативті кеңес беру орган ретінде үш жылға дейін жұмыс істейтін мерзімі бар.

Ректорлар Кеңесінің алғашқы отырысында бірнеше сұрақтар қарастырылды: ЖОО ректорлары Кеңесінің ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2015 жылғы жұмыс жоспары, жоғары оқу орындарын лицензиялауға және аккредиттеуге, білім беру ұйымдарының рейтингісіне, ЖОО-ларды жаңғырту жөніндегі және ректорларды іріктеу, тағайындау, аттестаттау жөніндегі комиссия жұмысына қатысты мәселелер бойынша  шешім қабылданды.

Сонымен қатар ҰБТ нәтижелері, 2015 жылы ЖОО-ларға қабылдауды аяқтау туралы, Қазақстан Республикасы ЖОО ректорлары Кеңесі төрағасының орынбасары мен хатшысы кандидатуралары және  ректорлардың аймақтық Кеңестерінің құрамы дд  осы отырыста бекітілді.

Кеңестің алғашқы отырысында бірқатар ректорлар сөз алып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Үш айда бір рет бас қосып отыратын ректорлар Кеңесі алдағы кезде арнайы сайд ашып, тоқсандық бюллетень шығаруды жоспарлап отыр. «Бұл басылымның болашақта журналға айналып кетуі де ғажап емес» дейді жиынға қатысушылар.  

 

 

 





Яндекс.Метрика