Жаңа бағыттың экономикалық саясаты

ҚР Президенті Минскіде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысты

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Минскіде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысты, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Әлемде25 Қазан , 09:02

«Мемлекет басшысы кездесудің экономикалық интеграция саласында туындаған мәселелерді бірлесіп шешу үшін маңызды екенін атап өтті», - деп хабарламада нақтыланған.

«Біз бірлестігіміздің оң қорытындыларын қазірдің өзінде айттық: негізгі экспорттық тауарымызға әлемдік бағасының төмендегеніне қарамастан, елдеріміз арасында тауар айналымы артуда. Қазақстанның Кеден одағы елдерімен сыртқы сауда айналымындағы үлесі жалпы көлемнің 18 %-ына жетті. Бірақ біз оның түзетілуі қажет кемшіліктері, оның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия туралы да ашық айтуға тиіспіз. Тауарлардың еркін айналымы қазақстандық өндірушілер үшін Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік елдері кәсіпорындарымен арадағы бәсекелестіктің жағдайын қатайтып жіберді. Сыртқы саудадағы үйлесімсіздік артуда. Кеден одағы елдерінен әкелінген өңделген тауарлар импорты 2012 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 2 есе өскені байқалды. Бұл жағдайды түзету үшін бірқатар ірі бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру қажет болуы мүмкін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Қазақстанның Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінен импортының үлесі оның 2009 жылғы жалпы көлемінің 32 %-ынан 2012 жылы 40 %-ына дейін артқанына назар аударды. Сондай-ақ, Қазақстан өнімдерін Ресей мен Беларусь нарығына жеткізуде едәуір қиыншылықтар бар. Себебі, тарифтік емес және техникалық кедергілер, шамадан артық санитарлық және фитосанитарлық нормалар, сертификаттау, лицензиялау және үлес жөніндегі шаралар, техникалық регламентті бірізділендіру жөнінде талаптар қолданылуда.

« Қазақстанның ет өнімдері әдейі «өткізілмейтін» жағдайда тұр, өйткені Ресейде оларға Қазақстан Республикасы санитарлық сертификаттарында жоқ нормалар қолданылуда. Сондай-ақ, беларусь азық-түлік тауарларын бұл саладағы бірқатар жаңа техникалық регламенттің енгізілуіне байланысты Ресей нарығына тасымалдау деңгейінің төмендегені байқалып отыр. Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі техникалық регламент саласын кеңейту Қазақстанның бизнес ортаны жақсарту жөніндегі саясатына қайшы келуде. Бірыңғай экономикалық кеңістік келісімінің қорытындысына сәйкес Ресей электр-энергетика жүйесі үшін ерекше режим қарастырылғандықтан, электр-энергетика саласында түйткілдер бар. Соның салдарынан электр энергиясын тұтынушылар мен тасымалдаушыларға еркін қолжетімділік болмай отыр. Қазақстан электр энергиясын Беларусьқа Ресей Федерациясының аумағы арқылы, транзит арқылы сата алмайды», – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тарапынан Кеден одағының Кеден кодексіне үлкен сын айтылып жатқанын, оны ырықтандыру және сыртқы  шекараларда кедендік рәсімдерді барынша оңайлату қажеттігіне көңіл бөлініп отырғанын айтты.

«Сондықтан мен Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметі Кеден одағына мүше елдердің өзара тиімді саудасында жоғарыда айтылған үйлесімсіздіктер мен кедергілерді болдырмауға бағытталуы тиіс. Еуразиялық экономикалық комиссия – Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жағдайын қамтамасыз ету үшін құрылған, сондай-ақ интеграцияны одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлейтін ұлтүстілік орган. Сонымен қатар, мемлекеттер басшылары алға қойған Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру аясында шешілмеген мәселелердің бар екеніне қарамастан, Комисия жұмысында интеграциялық үдерістерді тереңдетуге арналған қаражат пен күшті ыдырату, жұмысты анық саясиландыру байқалуда. Еуразиялық экономикалық комиссия тарапынан Комиссия жұмысының қағидаттары мен регламентінің бұзылуына жол беруге болмайды. Комиссия туралы Шартқа сәйкес, Алқа мүшелері ұлттық үкіметке есеп бермейді және бағынышты емес, соған қарамастан Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының ресейлік мүшелері Ресей Федерациясы Үкіметінің отырыстарына қатысады, тиісті нұсқаулар алады»,– деді Қазақстан Президенті.                     

Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі туралы екі бөлімнен – институттық және салалық бөлімдерден тұратын шартқа қатысты барлық мәселенің 2014 жылғы мамырда келісілуі тиістігін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміздің қарапайым азаматтарының қабылдауына ауыр тиетін күрделі шартты әзірлеуге қажеттілік жоқ екеніне тоқталды. Бұдан бөлек, мұнай мен газ тасымалдау, теміржол тарифтері, электр энергиясы саласындағы қазірдің өзінде қол жеткізілген келісімдер бойынша жұмысты аяқтауға ұмтылған жөн. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Комиссияның өкілеттігін кеңейту, бірыңғай қаржы нарығын қалыптастыру және жаңа ұлтүстілік құрылымдар құру туралы ұсыныстар енгізілуде, интеграцияланудың қазіргі кезеңінде біздің елдеріміз мұны талқылауға дайын емес. Қазақстан Президенті тауарларға және қызмет көрсетуге қатысты шектеулерді жоюға баса ден қою қажеттігіне назар аударды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясын кеңейту барлық тарап үшін ортақ ережелер бойынша жүзеге асырылу тиістігіне тоқталды. Мысалы, Қазақстан Қырғызстан мен Арменияның ниетін қолдайды, бірақ олардың бұған кіруі шартта келісілген және көрсетілген ортақ рәсімдер бойынша жүзеге асырылуы тиіс.

«Маған, мысалы, премьер-министр Ердоған Түркияның Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылу перспективасын қарастыру туралы өтінішпен хабарласты. Мен оған дәл осы ұстанымды жеткіздім», – деді Қазақстан Президенті.        

Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесін сөз етті, бұл үшін ДСҰ-ға мүше елдер алдында Қазақстан мен Ресейдің міндеттемелері деңгейінің үйлесімділігі қажет.

«Қазақстан ДСҰ-ға Еуразиялық экономикалық одақ құрылғанға дейін кіру ниетінде. Әйтпесе, ДСҰ-ға мүше елдер бұдан бұрын қол жеткізілген келісімдерді қайта қарауы мүмкін, бұл біздің ол ұйымға мүше болуымызды бірнеше жылға созып жібереді. Бүгін біз Ресей тарапының қолдауына сенім артып отырмыз. Бұл мәселе жөніндегі сындарлы ұстаным Қазақстанның ДСҰ-ға тезірек кіруіне ықпал етіп, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің үздіксіз қызметіне септігін тигізген болар еді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ДСҰ-ға кіру мәселелері жөнінде Еуропалық одақпен және АҚШ-пен келіссөздер жүргізу үшін Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясын құру қажеттігіне назар аударды.             

 

 

 

 

 




Яндекс.Метрика