Басқару

Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Халықаралық дзюдо федерациясының президентімен кездесті

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Казахстан22 Тамыз , 12:34

Кездесу барысында Халықаралық дзюдо федерациясымен арадағы Қазақстанның өзара іс-қимылының өзекті мәселелері және спорттың осы түрін республикамызда дамыту перспективалары талқыланды.

Мемлекеттік хатшы келесі әлем чемпионатын өткізуші ел ретінде Қазақстанға таңдау жасағаны үшін Халықаралық дзюдо федерациясына ризашылығын білдірді. Чемпионат 2015 жылғы 24-30 тамыз аралығында Астанада өтетін болады.  

Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының дене тәрбиесіне, бұқаралық спортқа және жоғары жетістіктерге жеткізетін спорт түрлеріне айрықша мән беретінін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда халықаралық талаптарға сай спорттық нысандар бой көтеріп, әлемдік деңгейдегі спорт шаралары өткізілуде.

Дзюдо республикадағы ең танымал спорт түрінің бірі болып саналады, онымен 80 мыңнан астам қазақстандық тұрақты айналысады. Спортшылардың шеберлігін жетілдіру мақсатында барлық қажетті жағдай жасалған. Мәселен, бүгінде Қазақстанда елдің құрама командалары жаттығу шараларын өткізетін, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы аккредиттеген 15 спорттық база бар.

Естеріңізге сала кетейік, тәуелсіздік жылдары дзюдошыларымыз олимпиада ойындарында 1 күміс медаль, әлем чемпионаттарында 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль, Азия ойындарында 1 алтын, 10 күміс және 21 қола, Азия чемпионаттарында 4 алтын, 6 күміс және 30 қола медаль иеленді.

Алдағы әлем чемпионатында Қазақстан спортшылары жеңіс тұғырының жоғары орындарын иелену үшін сайысқа түсетін болады.

Әлемдік біріншілікке дүние жүзінің 140 елінен 900-ден астам спортшы қатысады және ерлер мен әйелдер арасында 7 салмақ дәрежесі бойынша 14 медаль жиынтығы сарапқа салынады.




Яндекс.Метрика