Үкімет

Б.Сапарбаев: Алматы Қазақстанның барлық өңірлеріне білім саласында үлгі болуы тиіс

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Алматыға барды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Алматы қаласы21 Тамыз , 19:08

Сапар барысында вице-премьер мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, жаңа оқу маусымына дайындығымен танысып, Алматының қысқы Универсиада-2017-ге дайындық барысын тексерді, сондай-ақ Азиада нысандарын пайдаланудың тиімділігін тексерді.

Атап айтқанда, ол «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенін қарап шығып, Универсиада нысандарын таныстыру өткен салынып жатқан Мұз ареналарын, сондай-ақ 5 мың спортшыны қабылдауға арналған Атлеттер ауылын аралады.

Сонымен бірге, Б.Сапарбаев республикалық және қалалық қан орталықтарын, жалпы білім беретін мектепті, спорт сарайын және Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайын аралап, денсаулық сақтау мен білім беруді дамытумен танысты. 

Сапар барысында вице-премьер қала активінің қатысуымен кеңес өткізді, онда білім мазмұнын жаңарту және оның болашаққа бағдарлануы мәселелері қаралды. 

Өз сөзінде вице-премьер Алматының білім беру саласының проблемалы мәселелеріне баса назар аударды. 

Бірінші кезекте, бұл мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеушілігіне қатысты екендігін айтып өтті. Б.Сапарбаев қалалық әкімдікке жеке сектор, МЖС және меценаттарды тарту есебінен балабақшалар ашу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Тағы бір мәселе, оның айтуынша, балалардың қосымша білім берумен аз қамтылуы болып отыр. 

«Қосымша білім беру – балаларды өзін-өзі дамытуға үйретудің және оларды еңбекке, спортқа және мәдениетке тартудың тиімді тетігі. Қосымша ұйымдар желісін, оның ішінде жеке сектор арқылы белсенді дамыту қажет», - деп баса айтты вице-премьер.

Вице-премьер колледждер мен ЖОО-дарының түлектерін еңбекпен қамтуды да аса маңызды мәселе деп есептейді. 

«Алматы оқу орындарында кадрларды келісім-шартты даярлау және дуальді білім беру жүйесін мүмкін жерлерде белсенді енгізу қажет. Қалалық ЖОО-дары мен колледждердің барлығы өз жұмысында Алматы қаласының даму жоспарын ескеруі тиіс. Кадрлар жергілікті нарық сұраныстары мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға сәйкес даярлануы тиіс», - деп толықтырды ол. 

Кеңесті қорытындылаған Б.Сапарбаев басты міндет Мемлекет басшысының білім сапасын арттыру бойынша тапсырмаларын мүлтіксіз орындау болып табылатынын баса айтты. Ол мемлекеттік органдарға мегаполистің білім саласын одан әрі дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

«Алматы Қазақстанның барлық өңірлеріне үлгі болуы тиіс. Сондықтан, біз қаланың білім саласы жақсаруы үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек», - деп түйіндеді вице-премьер.




Яндекс.Метрика