Жалпыға бірдей еңбек қоғамы

ҚР-да ЖҚЖК аясында шамамен 82 мың адам жұмысқа орналастырылды – ДСӘДМ

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тұрғындарды жұмыспен қамту үшін белсенді түрде шараларды қолдануда. Ағымдағы жылдың басынан бастап «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасының аясында 82 мыңға жуық адам, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 63 мың, уақытша жұмыс орындарына 18,8 мың азамат жұмысқа орналастырылды, деп хабарлады ҚР ДСӘДМ.
Казахстан21 Тамыз , 17:13

Аталып өткендей, 2015 жылы «ЖҚЖК 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 513 жобаның жүзеге асырылуы қолға алынып, оның 151-і өз жұмысын аяқтады. 6,6 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды.

Екінші бағыттың аясында 2,2 мың адам кәсіпкерліктің негіздері бойынша оқыды. Оның ішінде 2063 қатысушы 4,8 млрд. теңге сомасына несие алды, оның 1377-і тұңғыш рет өз бизнесін ашты, 911 қайтарылған қаражат есебінен микронесие алды. Несие алушылар қосымша 2,5 мың жұмыс орындарын ашты.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 13,8 мың адам кәсіби оқумен қамтамасыз етілді, әлеуметтік жұмыс орындарына 8,2 мың азамат орналастырылды. Жастар практикасына 7,7 мың адам бағытталды. Сонымен қатар, 40 мың азамат мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланусыз жұмысқа тұрды.

Сондай-ақ, үшінші бағыт бойынша азаматтарды депрессиялық аймақтардан әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары және экономикалық өсім орталықтарына өз еркімен көшуге ықпал ету есебінен еңбек ресурстарын жұмылдыруды ұлғайту жобаланып отыр. Сонымен, 2015 жылы 454 адам қоныс аударды.

«Қазақстанда азаматтарды «ЖҚЖК 2020» жобасына тарту мақсатында бағдарламаға қатысу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың наурыз-тамыз айларында жұмылдыру топтары 620 ауылдық елді-мекендерге барды. Жұмыссыз және өздігінен жұмыспен қамтамасыз етілген 93,6 мың азаматтар түсіндіру жұмыстарына қатысты. Қазіргі таңда 21 мыңнан астам ауыл тұрғындары «ЖҚЖК 2020» бағдарламасына қатысуға өтініш білдірді», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 461 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты. Оның  60%-ы - жұмыссыздар, 30%-дан астамы өздігінен жұмыспен қамтылғандар және 9%-ға жуығы еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтар.

Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 37,3 млрд. теңге (2014 ж. – 94,3 млрд. теңге, 2013 ж. – 102,9 млрд. теңге, 2012 ж. – 57,6 млрд. теңге) қарастырылып отыр.




Яндекс.Метрика