Парламент

Парламент этил спирті мен алкоголь өнімдерін өндіру мен дайындау туралы заң жобасын қарайды

Желтоқсанда ҚР Парламенті «Этил спирті мен алкоголь өнімдерін өндіру мен айналымы жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізіледі. Бұл жайлы Қазақстанның қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев мәлімдеді.
Астана қаласы24 Қазан , 16:59

Заң жобасы алкоголь өнімдеріне акциз төлемін көтеруді қарастырады. Сонымен 2016 жылға қарай алкоголь өнімдеріне акциз құны 3,1 есеге дейін көтерілмек. 

«Сөзсіз, акциздің өсімімен бірге аталмыш өнім бойынша көлеңкелі айналымның да кеңінен тарайтыны анық. Осыған орай, ҚР Қаржы министрлігінің тарапынан «Этил спирті мен алкоголь өнімдерін өндіру мен айналымы жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалды. Қазіргі уақытта аталмыш заң жобасы мемлекеттік органдардың келісіміне жіберілді, алдағы уақытта парламентке тапсырылады», - деді Салық комитетінің төрағасы.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 11 қазандағы ҚР Президентінің қатысуымен өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы көлеңкелі экономиканы ауыздықтауда жасалып жатқан жұмыстардың кешеуілдеп жатқанын айтқан. Соның ішінде алкоголь өнімдері айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасын Парламентке ұсыну 2015 жылға шегерілді.

«Мен айналымды бақылауды күшейтуге нақты тапсырма бердім. Осы мақсатта біз арнайы заң жобасын дайындадық. Енді осы заң жобасының енгізілуі келер жылға шегерілді. Мүмкін, алкоголь барондары жақсы жұмыс істеген болар...», - деген сын айтты Елбасы.

 

 

 




Яндекс.Метрика