Үкімет

Н.Назарбаев ҚР-ның бюджет тапшылығын 2018 жылға 1 пайызға төмендетуді тапсырды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық саясаттың жүйелі шаралары жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында әлемдік нарықтардағы ахуалдың нашарлауы жағдайында Қазақстан экономикасының өсімін қамтамасыз ету бағыттары талқыланды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы19 Тамыз , 17:13

Мемлекет басшысы келешекте ұзақ уақыт бойы Қазақстан экономикасына ықпал етуі мүмкін бірқатар теріс факторларды атады.

«Біріншіден, сарапшылар пікірінше, мұнай мен металл бағасының төмендігі 5 жыл бойы сақталуы мүмкін. Екіншіден, дамушы елдердің инвестиция мен капиталға қолжетімділігі едәуір шектеледі. Үшіншіден, біздің негізгі серіктестеріміз, ең алдымен Ресей мен Қытай тарапынан сұраныстың азаюынан Қазақстанның өнімдерін өткізу нарығының аясы тарыла түседі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Қазақстан Президенті қалыптасқан жағдайда мемлекеттен теңгерімді бюджеттік және монетарлық саясатты қамтамасыз ету, сондай-ақ экономикалық өсімді қолдау мақсатында жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру тұрғысынан тиімді сақтану шараларын жүргізу талап етілетінін айтты.

Мемлекет басшысы жаңа экономикалық жағдайды ескере отырып, мұнай баррелінің 30-40 доллар деңгейіндегі бағасына бейімделу қажеттігін атап өтті.

«Бұған дейін біз көптеген құрылыстар салдық, штатты және еңбекақы деңгейін ұлғайттық. Бірақ қазір қаражат жетіспеушілігі байқалады, соған орай жаңа жобаларға арналған шығыстар табыс базасын кеңейту мүмкіндігіне байланысты қатаң шектелетін болады. Сондықтан түрлі бастамаларға 2018 жылға дейін мораторий қойған жөн. Бұл – бүгінгі нақты жағдайға байланысты туындаған мәжбүрлі шара», – деді Қазақстан Президенті.  

Нұрсұлтан Назарбаев республикалық бюджет тапшылығын 2018 жылға 1 пайызға төмендетуді тапсыра отырып, тапшылықты қаржыландыру тек ішкі резерв есебінен іске асырылуы тиістігін атап өтті.

Қазақстан Президенті экономиканың бәсекелестік жөнінен басымдығы бар негізгі салаларын қолдау басымдыққа ие болуы тиістігін айтты.

«Қойылған міндеттерді жүзеге асырудың маңызды тұсы дамудың осындай жолынан өткен және экономикасының құрылысы бізге ұқсас елдердің нақты тәжірибелерін зерттеу болмақ. Бұл – Австралия мен Канаданың соңғы 30 жылдағы тәжірибесі. Жаһандық тауар жеткізу тізбегіне таяу он жылда кірігу үшін Қазақстанның тәуір мүмкіндіктері бар», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы индустриялық-инновациялық саясат қызмет көрсету секторының көлемін ұлғайтуды және ондағы өсім мүмкіндіктерін табуды талап ететін жаңа жағдайға бейімделуі тиістігін атап өтті.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев әлемдік экономикадағы ахуалдың күрделенуі жағдайында биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша елдегі ІЖӨ-нің өсімі 1,5 пайызға төмендегенін атап өтті. Ресей рублінің девальвациясы отандық азық-түлік өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін қосымша қиындықтар тудырды. 

«Осыған байланысты бұрын егін шаруашылығын дамытуға, сүт, құс еті, жұмыртқа, шошқа еті өндірісін субсидиялауға бағытталған 6 миллиард теңге көлеміндегі қаражат қайта бөлінді. Қорытындысында өндіріс көлемі 10 пайызға және одан да жоғары мөлшерге дейін ұлғайтылып, ал құс шаруашылығы бойынша біз осылайша 12 мыңнан артық жұмыс орнын сақтап қалған болып шығамыз», – деді Б.Сағынтаев.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары салалық бағдарламалар аясында қаражатты игеру мониторингі өткізілгенін де айтты.  

«Біз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 73 миллиард теңгенің игерілмей қалу қаупі барын анықтап, бұл қаражатты тиімді жүзеге асырылып жатқан бағыттарға беру жөнінде шешім қабылдадық. Мәселен, 8,8 миллиард теңге Астана-Павлодар-Өскемен жолының құрылысына бөлінетін болады. Тағы 6,6 миллиардты тұрғынүй-коммуналды шаруашылықты жаңғырту аясында қайта бөлгіміз келеді», – деді Б.Сағынтаев.

Қаржы министрі Б.Сұлтанов бюджетке түсімдердің айтарлықтай азайып кеткеніне тоқталды.

«Импорт көлемі 38 пайызға төмендеп, соның салдарынан кедендік баж салығынан түсетін түсімдер екі есе азайды. Мұнай бағасы екі есе арзандады, соған байланысты экспорттың кедендік баж салығы түсімдері үштен бір  мөлшерге азайды. Нәтижесінде бюджеттің кірісі 22 пайызға төмендеді.  Бұл ретте былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда шығыстардың өсу қарқынын ең алдымен Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферттер есебінен 103,4 пайыз деңгейінде ұстап тұрудың сәті түсті», – деді Б.Сұлтанов.

Сондай-ақ қаржы министрі Б.Сұлтанов өткен жылмен салыстырғанда  республикалық бюджет қаражатының игерілмеген сомасы 2 есе азайып, 41 миллиард теңге болғанын айтты.

 «Ал жергілікті бюджеттерде бұл көрсеткіш жоғарырақ – шығыстар бөлігінде 3 пайызға таяу, 51 миллиард теңге болады», – деді қаржы министрі.

Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев индустриялық саясаттың жаңа жағдайларға бейімделуі аясында 14 сектордың мейлінше перспективалы 4-еуіне баса ден қойылатынын атап өтті.

«Бұл – түсті металлургия, тыңайтқыш және агрохимиялық өнім өндірісі, мұнай-газ химиясы мен азық-түлік өнеркәсібі. Біз әрбір акционерлік кәсіпорынмен жылдың соңына дейін  ұзақмерзімді келісімдерге қол қою ниетіндеміз. Біз оларды тіпті мемлекеттік кепілдік арқылы қолдауға әзірміз. Олар өз кезегінде табысын елде қалдыру жөнінде мойнына міндеттеме алуға, геологиялық барлаумен айналысуға және жергілікті кәсіпорындарды қолдауға тиіс», – деді Ә.Исекешев.

Инвестициялар және даму министрі машина құрастыру, құрылыс материалдары өндірісі, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп сияқты салалар өнімдеріне ішкі сұраныстың азайғанына назар аударды.

«Осыған байланысты біз тек не трансұлттық компаниямен, не Қазақстанның озық компанияларымен серіктес болып отырған қуатты кәсіпорындарды қолдау ниетіндеміз.  Жаңғыртумен айналыспаған кәсіпорындар банкрот болып жатқанда мейлінше қуатты компаниялар жұмысты жалғастырып жатқанын көріп отырмыз, бұл жайт біздің жұмыспен қамту бағдарламамызда ескерілетін болады», – деді Инвестициялар және даму министрі.

Ұлттық экономика министрі Е.Досаев макроэкономикалық орнықтылықты қамтамасыз ету аясында 2020 жылға қарай инфляцияны бұдан әрі 3-4 пайызға дейін төмендету  міндеті қойылып отырғанын, ол  инвестиция тарту үшін тұрақты жағдай қалыптастыратынын айтты.

Е.Досаев прогрессивті өлшем орнықтыруды көздейтін, экспорттың кедендік баж салығына деген көзқарасты өзгерту жоспарына назар аударды. Бұл шара мұнай компанияларының бәсекеге қабілеттілігін өзіндік қолдау болып саналады.

Бұдан бөлек, ұлттық экономика министрі бөлшек сауда мен қоғамдық тамақтану орындарын әкімшілендіру ісін жақсарту үшін бөлшек салық салуды енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Е.Досаев 2017 жылға дейін мемлекеттің шағын және орта бизнес кәсіпорындарынан шығуы жоспарланып отырғанын атап өтті.

Кеңес барысында сөз сөйлеген Ұлттық банк төрағасы Қ.Келімбетов инфляциялық таргеттеуге көшу ісін Халықаралық валюта қорымен бірлесіп зерттеу жүзеге асырылатынын айтты.

«Бұл үшін оның өз мерзімдері бар, бірақ қалыптасқан жағдай сол қалпында қалатын болса, біз оның енгізілуін тездетеміз және Үкіметпен келіскен соң тиісті ұсыныс береміз», – деді Қ.Келімбетов.

Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке келешектегі  ортамерзімді кезеңде экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жоспарын қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банкке қалыптасқан жағдайдағы экономикалық және валюталық саясат шараларын шұғыл әзірлеу тапсырылды.

«Әрбір министрдің, елдің экономикалық саясатына қатысушының сапасы тексерілетін күрделі интеллектуалдық жұмыс уақыты келе жатыр. Бұл жолғы дағдарыс – іс жүзінде Қазақстанның барлық өнеркәсіптік  кәсіпорындарын қамтитын секторалдық дағдарыс. Мұндай бізде болған емес, сондықтан ол мүлде басқа амалдарды қажет етеді. Бұл жағдайдан да бұрынғыша жол тауып шығатынымызға сенімдімін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 




Яндекс.Метрика