Үкімет

Премьер-Министр ОААЭЫ бағдарламасы 12-ші конференциясының ашылуында сөз сөйледі

Бүгін,24 қазан ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Орта Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы 12-ші Министрлер конференциясының (ОААЭЫ) ашылуына қатысып, сөз сөйледі.
Астана қаласы24 Қазан , 16:10

Сөзін форумға қатысушыларға арнаған Үкімет басшысы «стратегия мен сауда, сауда-саттық саясаты және энергетика саласындағы түйінді тұстарды шешу жолдарына бағытталған» ОААЭЫ бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. 

«ОААЭЫ аймақтық ынтымақтастық әлеуетін пайдалана отырып, сонымен ғаламдық болашақты құруға өз үлесін қосады»,-деді С.Ахметов. 

Сонымен қоса, Премьер-Министр Қазақстанның ОААЭЫ бағдарламасына қатысушы ретінде «интеграцияның қажеттілігіне көз жеткізгенін, сондықтан тауарлар, қызметтер және жұмыс күштерінің еркін қимылын қамтамасыз ету принциптеріне негізделген Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру процесіне белсенді түрде қатысатынын» атап көрсетті. 

«Қазақстан Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше елдермен бірлесіп, басқа елдердегі сауда әріптестермен ынтымақтастықты кеңейтуге, өзара инвестициялар көлемін ұлғайту және БЭК ортақ рыногында қалыптасқан әлеуетті пайдалануға мүдделі»,-деді С.Ахметов.

Премьер-Министр ОААЭЫ хатшылығының - Азиялық даму банкінің Қазақстанның экономикасын жаңғыртудағы рөлін атап өтті.

«Қазақстандағы қызмет көрсету жылдары ішінде АДБ біздің экономикамызға 2 млрд-тан астам доллар бағыттады. Біздің әріптестіктің аясындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» кең ауқымды жобаны бөле айтуға болады. Бұл халықаралық транзиттік дәліз Орта Азия аймағындағы негізгі жүк тасымалы маршруты болады»,-деді С.Ахметов.

Премьер-Министрдің айтуынша, Қазақстан мен АДБ ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілуде.

«2013 жылы АДБ-мен ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан Азия даму қорына (АДҚ) донорлық жарнаны жүзеге асырды. АДҚ-ға донорлық Қазақстанға Азия және Орта Азия елдерін дамытуға үлес қосуға, АДБ донорлығы барысында шешім қабылдауға қатысуға мүмкіндік береді»,- деп атап көрсетті Премьер-Министр.

Премьер-Министр сондай-ақ Қазақстанның қайтарымсыз техникалық көмек алушыдан дамушы елдерге көмек көрсету бойынша АДБ-ға әріптес статусына көшу жоспары туралы хабарлады.

С.Ахметов ОААЭЫ бағдарламасы 12-ші Министрлер конференциясының АДБ рөлін арттыруға, халықаралық қаржы институттарын нығайтуға және ОААЭЫ-ын дамытуға лайықты үлес қосатынына сенім білдірді. 1997 жылы Азия даму банкі (АДБ) орталық азия аймағындағы аймақтық экономикалық ынтымақтастықты қолдау бойынша бастама көтерді. ОААЭЫ бағдарламасы жүйесінде АДБ Хатшылық рөлін атқарады.

ОААЭЫ бағдарламасы бұл-Әзірбайжан, Ауғанстан, Қазақстан, ҚХР, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Пәкістан сияқты 10 мемлекеттің және АДБ, ӘБ, ЕҚДБ, ХВҚ, ИДБ, БҰҰДБ секілді 6 көпжақты институттардың әріптестігі.

ОААЭЫ бағдарламасы инфрақұрылымдар бойынша аймақтық жобаларды қаржыландыруға аралық қызметті дамытудың негізгі міндеттерін шешуге бағытталған.

2013 жылы Қазақстан ОААЭЫ бағдарламасының төрағасы болып отыр.




Яндекс.Метрика