Білім беру

Алматы облысында 41 білім нысанын қайта құру үшін 17 млрд теңге бөлінді (ФОТО)

Ағымдағы жылы Алматы облысында білім саласының 32 нысаны пайдалануға беріледі. Оған қоса 41 білім мекемелерінің құрылыс және жаңғырту жұмыстарына 17 млрд теңге бөлінген, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Алматы 19 Тамыз, 12:24

Естеріңізге сала кетейік. Талдықорғанда «Жаңа білім беру бағдарламалары, инновациялар және құзыреттілік тәсілдеме - табысты мектепке қадам» атты тақырыппен тамыз кеңесі өтті.  Жиынға облыс әкімі Амандық Баталов, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ғылыми-техникалық саясат басқармасының басшысы Әлия Айменова қатысты.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова баяндама жасап, облыстың ҰБТ-дағы көрсеткіштері, жазғы жемалыс лагерьлерін ұйымдастыру, «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру барысы, балалардың құқық бұзушылығының, суицидтің алдын алу және т.б. мәселелер туралы әңгімеледі. Баяндамашының айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектептерімен меморандумға қол қойылып, аймақта 37 инновациялық мектеп бекітілген. Бұл оқушылардың жаңалыққа деген ұмтылысын еселей түспек.  

Өңір басшысы Амандық Баталов өз сөзінде Елбасының тапсырмасына сәйкес апатты мектептердің мәселесін шешу бағытында 840 оқушыға арналған 5 жалпыға білім беру мектебінің құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілетінін атап өтті. Ал 2016 жылы Ұлттық қор қаржысы есебінен Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы апатты мектептің орнына 600 орынды мектеп салу жоспарланған. 

Сондай-ақ, үш ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында жыл басында Талғар ауданы Жаңалық ауылында 180 орынға арналған қосалқы ғимарат пайдалануға берілді. Жалпы 2016-2018 жылдары тағы 34 мектептің құрылысын жүргізу межеленіп отыр. Сонымен қатар жетім балалар үшін «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен 100 үй сатып алынып берілетіні де айтылды.  

«Оқушылардың білім сапасы мен ұстаздардың біліктілігін арттыру бағытында кешенді шаралар қабылдап, білім берудің барлық негізгі бағыттары бойынша аудандар мен қалалардың рейтингілік кестесін жасаңыздар. Және сол көрсеткіштер динамикасын үнемі қадағалап отыру керек. «Балапан» бағдарламасы бойынша, әсіресе, жекеменшік балабақшалар ашу бағытында кәсіпкерлермен жұмыс жүргізу керек. Аудан, қала әкімдері мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі негізінде инвестиция тарту мүмкіндіктерін барынша қарастыруы тиіс. Сол сияқты оқушыларды тасымалдаудың қауіпсіздігі, ыстық тамақпен қамтамасыз ету, «Мектепке жол» акциясының шеңберінде балаларды мектепке дайындауға бас назар аударуды тапсырамын», - деді облыс басшысы А. Баталов.

Тамыз кеңесінің соңында бірқатар мұғалімдерге облыс әкімінің, Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталары, «Ыбырай Алтынсарин» «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері және басқа да марапаттар берілді.





Яндекс.Метрика