Саламатты Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы

Алматыда Орталық Азия елдерінде АИТВ-ЖИТС ауруының таралуына қарсы күрес бойынша ЮНЭЙДС Субөңірлік кеңсесі ашылады

Алматыда Орталық Азия елдерінде АИТВ-ЖИТС ауруының таралуына қарсы күрес бойынша ЮНЭЙДС Субөңірлік кеңсесі ашылады. Бұл туралы бүгін ЮНЭЙДС ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы өңірлік директоры Виней Салдана ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеновамен болған кездесуде мәлімдеді.
Астана қаласы18 Тамыз , 20:13

ҚР ДСӘДМ баспасөз қызметінен хабарлағандай, кездесуде АИТВ-ЖИТС ауруының таралуына қарсы күресте Орталық Азия өңіріндегі жетекші ел ретіндегі Қазақстанның рөлін нығайту және 2015 жылға жоспарланған ЮНЭЙДС Атқарушы директоры Мишель Седибенің Қазақстанға сапары жайы талқыланды. Сапар аясында ЮНЭЙДС-тің Орталық Азия елдеріне арналған субөңірлік кеңсесін Қазақстанда ашу жоспарланып отыр.

«Бұл мәселе біздің басшылық деңгейінде өз шешімін тапты. Біз Алматыда Орталық Азия елдеріне арналған ЮНЭЙДС Субөңірлік кеңсесін ашу бойынша дайындық жұмыстарын бастап кеттік», - деп хабарлады Виней Салдана.

Сондай-ақ, тараптар Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуі жолында АИТВ-ЖИТС әсерін төмендету жайын әңгімеледі.

ЮНЭЙДС Хатшылығының Қазақстандағы Кеңсесі 1996 жылы ашылған болатын. Сол кезден бері халықаралық ұйым ҚР Үкіметімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, АИТВ таралуына қарсы іс-шараларға көмектесу, АИТВ инфекциясының алдын алуда тиісті стратегиялар – ұлттық және салалық бағдарламалар әзірлеу, мамандардың біліктілігін арттыру, инновациялық амалдар енгізу, АИТВ/ЖИТС-пен күрес саласында жұмыс істеп жатқан азаматтық қоғам ұйымдарын дамытуға қолдау көрсету және т.б. салаларда қызмет атқаруда.  

Қазіргі уақытта БҰҰ-ның ЖИТС саласындағы Қазақстандағы қызметі 2010-2015 жылдарға арналған Қазақстанды дамыту мақсатында көмек көрсету жөніндегі БҰҰ бағдарламасын және «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алады.




Дерекнама

Яндекс.Метрика