Басқару

Ұлттық банк басшысы Елбасына елдің қаржы секторы мен банк жүйесінің ахуалы туралы баяндады

Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовті қабылдап, елдің қаржы секторы мен банк жүйесінің ахуалы туралы баяндамасын тындады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы18 Тамыз , 12:59

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, күрделі экономикалық жағдайға байланысты көп нәрсе Ұлттық банктің жұмысына, сондай-ақ мемлекеттің ақша-несие саясатына тәуелді.

«Бюджеттің жағдайының нашарлауына, барлық экспорттық тауарларымызға бағаның төмендеуіне байланысты Ұлттық банктің жұмысын жоғары біліктілікпен жүргізуі аса маңызды», – деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Ұлттық банк төрағасы биылғы қаңтар мен маусым аралығы кезеңінде инфляция 1,4 пайызға тең болғанын, бұл ретте жылдық инфляция 3,9 пайызды құрағанын айтты.

«Бұл осы уақытқа дейінгі ең төмен көрсеткіш, яғни біз инфляцияны 3-4 пайыз деңгейінде сақтау жөніндегі тапсырманы орындадық. Бұл орайда, Ұлттық банктің жиынтық халықаралық резерві 29 миллиард доллар болды. Салымдар бірінші жартыжылдықта 2,3 пайызға ұлғайды. Сонымен қатар, төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыздар үлесін азайту мәселесі шешілді, бұрын оның көлемі 33 пайызға жеткен болса, қазіргі уақытта ол 9,98 пайызға дейін төмендеді», – деді Қ.Келімбетов.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. 




Дерекнама

Яндекс.Метрика