Басқару

Депутаттар Қызылорда облысының әлеуметтік нысандарының жұмысымен танысты

ҚР Сенатының депутаттары Б.Еламанов пен М.Бақтиярұлы, Парламент мәжілісінің депутаты А.Тұртаев Қызылорда облысына іс-сапары аясында әлеуметтік маңызға ие нысандарды аралап шықты, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қызылорда18 Тамыз , 12:43

Депутаттар алдымен «Аралтұз» АҚ кәсіпорынында болып, ондағы жаңадан ашылған полимер дайындайтын жаңа цехтың жұмысымен танысты. Бұл зауытта өндірілген өнім аймақтағы басқа өндіріс орындарына шикізат дайындайды. Жаңа зауыттың іске қосылуы 800-ден астам адамды еңбекпен қамтиды, оның 95 пайызы – жергілікті тұрғындар.

Халық қалаулылары одан кейін қаладағы газ құбырларының жүргізілу қарқынын бағдарлады. Барлығы бүгінге дейін 211 шақырым қазу жұмыстары жүргізіліп, құбырлар салынған. Газ жүргізу жұмысына жұмылдырылған мамандардың 95%-ы Аралдың тұрғындары. Қазірге дейін үйге газ тарту жұмыстарына аудан тұрғындарынан 947 өтініш қабылданған. Оның ішінде 380 үйдің жобасы жасалынып отыр. 85 монтаж құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

«Ранар» ЖШС ұн өндіру комбинаты да депутаттар назарынан тыс қалмады. Депутаттар аталған кәсіпорынның жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, айына 4500 тонна ұн өндіретін жаңа техниканың қолданыста екендігінен хабардар болды. «Аралым» брендімен шығарылатын ұн өнімдерінің сапасы жоғары.Зауытта 40 адам үш ауысыммен күндіз-түні жұмыс істейді.

Меймандардың сапары Ә.Нұрпейісовтың әдебиет үйінде жалғасты. Экспонат ретінде қойылған жазушының еңбектерімен, қабырғадағы естелік суреттерімен танысып қайтты. Халық қалаулылары осылайша ауданның даму қарқынына куә болып, өңірдің өркенді істеріне сәттілік тіледі.




Яндекс.Метрика