Президент тапсырмаларының орындалуы

ҚР Парламентінде алкоголь өнімі мен айналымы туралы заң жобасын енгізеді

ҚР Парламентінде жақын арада «Этил спирті мен алкоголь өнімдерін өндіру мен айналымы жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізіледі, деп мәлімдеді Қазақстанның қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында.
Казахстан24 Қазан , 13:15

А.Жұмаділдаевтың айтуынша, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің тарапынан Парламентке алкоголь өнімдеріне акциз төлемін көтеруді қарастыратын заң жобасы тапсырылған. Сонымен 2016 жылға қарай алкоголь өнімдеріне акциз құны 3,1 есеге дейін көтерілмек. 

«Сөзсіз, акциздің өсімімен бірге аталмыш өнім бойынша көлеңкелі айналымның да кеңінен тарайтыны анық. Осыған орай, ҚР Қаржы министрлігінің тарапынан «Этил спирті мен алкоголь өнімдерін өндіру мен айналымы жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалды. Қазіргі уақытта аталмыш заң жобасы мемлекеттік органдардың келісіміне жіберілді, алдағы уақытта парламентке тапсырылады», - деді Салық комитетінің төрағасы.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 11 қазандағы ҚР Президентінің қатысуымен өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы көлеңкелі экономиканы ауыздықтауда жасалып жатқан жұмыстардың кешеуілдеп жатқанын айтқан. Соның ішінде алкоголь өнімдері айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасын Парламентке ұсыну 2015 жылға шегерілді.

«Мен айналымды бақылауды күшейтуге нақты тапсырма бердім. Осы мақсатта біз арнайы заң жобасын дайындадық. Енді осы заң жобасының енгізілуі келер жылға шегерілді. Мүмкін, алкоголь барондары жақсы жұмыс істеген болар...», - деген сын айтты Елбасы.

 

 




Яндекс.Метрика