Ақылды экономиканы дамыту

Алматы облысының әлеуметтік нысандарында биоотынның жылыту жүйесі пайдаланылады

Заманауи биоотынның жылыту жүйесіне Ақсу, Кербұлақ және Ұйғыр аудандарындағы әлеуметтік нысандар қосылған, деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматы 19 Тамыз, 09:54

Аталып өткендей, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Кербұлақ ауданында болды. Сапар барысында облыс басшысы өңірдегі бірқатар шаруа қожалықтарын аралап, егіс жинау науқанының және ауыл шаруашылығы техникаларының жағдайымен танысты. 

Аймақ басшысының бірінші тоқтаған нысаны - шөп жинауға қарқынды кіріскен «Абыхан» шаруа қожалығы болды. Сонымен қатар өз жұмыстары туралы «Ақылбай-2» және «Зарина» шаруа қожалықтарының басшылары да баяндады. 

Көксу ауылдық округінің әкімі Ерғали Сатымбаевтың айтуынша, алқаптардан жиналған сабан Көксу ауылында биоотын өндірісіне пайдаланылады. Осы биоотынның жылыту жүйесінде қолданыла бастағанына бір жылдың жүзі болған. Оған Ақсу, Кербұлақ және Ұйғыр аудандарындағы мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандар қосылыпты.  

Сол сияқты ««Жарық Энерго» Ұлттық энергетикалық  компаниясы» ЖСШ директоры Сәкен Мейірбеков Қаратал өзеніндегі ГЭС каскады құрылысы туралы баяндады.  С.Мейірбековтің мәлімдеуінше, құрылыс жұмыстары қаңтар айында басталады және бұл қуаттылығы 35 МВт бесінші ГЭС болмақ.

Мұнан соң облыс әкімі А.Баталов «Алатау Дейри» ЖШС-ның картоп алқабын аралады. Серіктестік директоры Рахымжан Әлжанұлы шаруа қожалығы жерінің жалпы алаңы 10 047 га құрайтынын айтты. «Алатау Дейри» асыл тұқымды мал мен ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге маманданған, ал картоп 80 га жерге себілген. Өнімділігі гектарына 250 центнер.

«Ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облысымызға жасаған жұмыс сапары барысында өңіріміз үшін дәстүрлі саналатын, осы облыста даңқы шыққан қант қызылшасын, жүгеріні, мал шаруашылығын және тағы сол сияқты ауыл шаруашылығы бағыттарын дамытуды тапсырды. Осының бәрін біз тұрақты түрде дамытып, оң нәтиже шығаруымыз керек. Бұл жағынан мемлекет бізге жан-жақты көмек көрсетіп отыр. Мәселен, биылғы жылы біз 24 млрд. теңгеден астам субсидия алдық. Сол сияқты ауыл шаруашылығы мамандарына сапалы тұқым, гербицидтер, тыңайтқыштар, арзандатылған бағамен жанар-жағармай алуға жәрдемдестік, сондай-ақ жаңа технологиялар енгізіліп, жаңа техникалар сатып алынуда. Сөйтіп, облыста тиімді жұмыс істеуге жағдай жасалып, бүгін әкімдік, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен бизнесмендердің өзара бірлескен еңбегінің нәтижесін көріп отырмыз, - деп атап өтті аймақ басшысы. 





Яндекс.Метрика