Құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтерді реформалау

ҚР Құрлық әскерінің офицер-психологтары әскери оқу-жаттығуды сәтті өткізді

Астанадағы десантты-шабуылдаушылар бригадасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің офицер-психологтарының жиыны өтті, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Казахстан 23 Қазан, 10:09

«Әскери психологтар алғаш рет стресстік жағдайда өзін-өзі бақылау және жеке құрамның психологиялық дайындық әдістерін тәжірибе түрінде пысықтады. Тоқсан пайызға жуығы әйелдерден тұратын психологтар танк астына түсіп, гранат лақтыру сияқты күрделі іс-қимылдарды жасады. Сонымен қатар, олар от жолақты жолдан тұратын түрлі кедергілерді жүріп өту арқылы өздерінің жан-жақты даярлықтарын көрсетті», - делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, Әскер түрінің барлық бөлімдері мен құрамаларынан жиналған жүзге жуық психолог жиынның екінші күні өздерінің психологиялық және дене даярлығы төзімділіктерін сынға салды.

«Бұл жиын әскери қызметшілердің ұйымдастыру-әдістемелік және тәжірибелік дайындығын жетілдіру мен қалыптастыру үшін жыл сайын өтіп тұрады. Жиынға қатысушылар болуы мүмкін психогендік шығындарды анықтап, олардың алдын алуға үйренеді. Әскери психологтар осындай жиындардан өз шеберліктерін шыңдап, жинаған тәжірибелерін күнделікті қызметте пайдаланары сөзсіз. Бұған дейін әскери психологтар тек теория түрінде сыннан өтсе, биыл қолдарына қару алып, түрлі жауынгерлік тапсырмаларды орындауда», - деді жиынға басшылық жасаған ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Жұмабек Хасенов.

Сонымен қатар, жиын шеңберінде жауынгерлік жағдайдағы жедел психологиялық диагностика көрсететін және қажетті психологиялық жәрдем жасайтын оқу нүктелері де ұйымдастырылған.

 





Дерекнама

Яндекс.Метрика