Білім беру

Химия бойынша жалпыәлемдік олимпиадада Павлодар облысының түлегі алтын медаль алды

Ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің 2015 жылғы түлегі Қабылда Әділ химия пәні бойынша 47-ші Жалпыәлемдік олимпиадасында алтын медальді қанжығасына байлап, Павлодар өңірінің абыройын асқақтата түсті, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Павлодар29 Шілде , 19:51

Әзірбайжан астанасы Баку қаласында өткен олимпиадада 75 елден келген 300-ге жуық оқушы білім сынасты.

Қабылда Әділ 2015 жылы өткен республикалық  олимпиадасының химия пәні бойынша алтын медаль, Мәскеу және Ереван  қалаларында өткен халықаралық Менделеев олимпиадасының екі мәрте күміс медаль және Вьетнам елінің астанасы Ханой қаласында өткен 46-шы Жалпыәлемдік олимпиадасының күміс медаль иегері атанған болатын. Енді міне, алтын жеңіске қол жеткізді!

Оқушысының жеңісі оның жас ұстазы, химия пәнінің мұғалімі,  М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі Ордабаев Алмасқа ортақ. Дарынды  ұстаз оқушыларын түрлі зияткерлік жарыстарда 49 мәрте жеңіске жеткізген. Оның ішінде: 26 – облыстық, 13 – республикалық және 10 – халықаралық дәрежеде. Алмас Ордабаевтың өзі химия пәні бойынша халықаралық олимпиадалар мен сайыстардың бірнеше мәрте жүлдегері.

Әділдің  зияткерлік жетістіктері – ғылыммен айналасудағы арманының алғашқы бастамасы. Бүгінде ол ТМД елдерінің кез келген жоғарғы оқу орнына емтихансыз қабылдану мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ Әділ  М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті грантының иегері.




Яндекс.Метрика