Ғылымды қажет ететін экономиканың дамуы

ҚТЖ-да Қазақстанда темір жол өнімдерін сынақтан өткізу базасын жасақтау талқылануда

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да Қазақстанда темір жол өнімдерінің сынағын өткізетін база жасақтау жөнінде семинар кеңес өткізілді. Оған Alstom, Knorr Bremse, Frausher, «Қазақстанның электр сымдары» ЖШС, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС, «Рауан-Бурабай» ЖШС сонымен қатар «ТҒЗИ» ЖШС, М.Тынышбаев атындағы ККА өкілдері қатысты, деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Астана қаласы29 Шілде , 11:53

Бүгінгі таңда елімізде әлемге танымал шетелдік General Electric, Alstom, Knorr Bremse, Bombardier, Fraushe компанияларының қатысуымен жаңа үлгідегі темір жол көлігі машиналарын жасау белсенді түрде қолға алынған. «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарушы директоры –бас инженері Серік Төлебаевтың айтуынша, инновациялық жаңалықтарды өндіріске енгізудің толық циклын жасамайынша, оның ішінде жобалаудан бастап жаңа жылжымалы құрамды пайдалануға бергенше, инфрақұрылымға қажетті техникалық құралды іске қосқанға дейінгі жұмыстарды толыққанды жасамайынша, онда ісіміздің түпкі нәтижесі ойдағыдай болмайды.  

Темір жол өнімдерінің сапасын тұрақты түрде көтеріп отыру, оны сынақтан өткізу, қозғалыс қауіпсіздігінің жоғары деңгейде қамтамасыз етілуіне әкеледі.  Осыған байланысты Қазақстанда темір жол өнімдері сынағын өткізетін база жасақтау аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Семинар кеңестің басты тақырыбына бағыттауыш бұрмаларды жасау, белгі беру және байланыс құралдары туралы мәселелер шығарылып, күн тәртібі бойынша екі дөңгелек үстел отырыстары өткізілді.

Семинарға қатысушылар «Электрововз құрастыру зауыты» ЖШС-інде болып, жылжымалы құрамды тартым құралдарын сертификаттау барысымен танысты. Дөңгелек үстелге қатысушылар өндіріске жаңа технологияларды енгізу, жобалау, сынақтан өткізу, техникалық қызмет көрсету, темір жол техникаларын жөндеу жұмыстарын талқылады.

Оның сыртында ғылыми- зерттеу институттары мен өндіріс кәсіпорындары және тұтынушылар, сынақ орталықтары  арасында темір жол көлігі өнімдерін сертификаттау жөнінде өзара тәжірибе алмасу керектігі айтылды. Олар Бурабай шипажайында орналасқан «Рауан-Бурабай» ЖШС өндірістік базасымен танысты. Аталмыш кәсіпорын өндірістік алаңдарымен, технологиялық құралдармен, жақын орналасқан темір жол кірме телімдерімен жабдықталған Яғни, темір жол көлігі құралдарын  сынақ    орталығы етуге қолайлы. Олар әрі қарай технологиялық жабдықтап, қаржы бөлінсе болғаны азғана күшпен отандық сынақ орталығын қалыптастыруға болатындығына семинарға қатысушылар көз жеткізді.

 




Яндекс.Метрика