Ұлттың денсаулығы

ТМД мемлекеттерінің арасында өткен жарыстың алғашқы күнінде жауынгер-споршылар 26 медальды жеңіп алды (ФОТО)

Мәскеуде өтіп жатқан ТМД-ның достастық әскерлерінің Бірінші әскери-спорттық ойындарында қазақстандық әскер құрамасының қоржыны 26 медальмен толықты. Олардың 4-уі алтын медаль, 9 –күміс, 13-қола медаль бар, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан 28 Шілде, 20:28

Қазақстан құрамасынан бірінші болып мінберге көтерілген спортшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жүзгіш, кіші сержант Александр Тарабрин болды. Ол 50-100 метр қашықтыққа жүзуден алдына жан салмады. Осы спорт түрінен Михаил Никульшин, Георгий Парашютов, Евгений Азарьев пен Андрей Зубаков 5 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.

Әлемнің 11 дүркін чемпионы, кіші сержант Виталий Диденко кір тасын көтеруден 95 салмақ дәрежесінде үздік шығып «алтынды» олжалады. Командаға тағы бір алтында дзюдо күресінің шебері Гусман Қырғызбаев алып берді. Осы спорт түрінен Мейіржан Қалтаев, Талғат Әміренов, Әшімхан Қажы, Қамымұқан Өтеулиев пен Асан Мәмбетқұлов  екі күміс, үш қола медальды жеңіп алды. Осылайша, бүгінгі таңда біздің команда көш бастаушылардың қатарында.

Естеріңізге сала кетейік, ТМД-ның достастық әскерлерінің Бірінші әскери-спорттық ойындарында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь және Армения мемлекеттерінің жауынгер-спортшылары қатысуда. Барлығы 300-ден астам спортшы. Біздің еліміздің намысын аталмыш бәсекеде ҚР Қорғаныс министрлігінң Орталық спорт клубының танымал спортшылары қорғайды.   

 

   

 

 

 




Яндекс.Метрика