Білім беру

Алматыда Информатикадан 27-ші халықаралық олимпиада басталды

Алматыда Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Информатикадан XXVII халықаралық олимпиаданың (IOI-2015) салтанатты ашылуы өтті. Олимпиадаға әлемнің 84 елінен 630-дан аса делегаттар қатысты, деп хабарлады «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының баспасөз қызметі.
Алматы қаласы28 Шілде , 11:37

Айта кетерлік жайт, «ІОІ-2015 International olympiad in informatics» олимпиадасы Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл әлемдік деңгейдегі үздік зияткерлік атағына күш сынасатын әлемнің ең мықты жас программистерін жинайтын сайыс.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменінің директоры Жаңыл Жөнтаева  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың хатын оқып берді.

«Қазақстанда Елбасының қолдауымен алғаш рет олимпиада өтіп отыр, оған 80-нен астам елден келген делегаттар қатысуда. Бүгінде информатикаға үлкен көңіл бөлініп отыр. Сонымен, мұндай жарыстарды өткізу жастарға алға ұмтылуға серпіліс береді»,  деді Ж. Жөнтаева.

Екі күнге созылатын дүбірлі додада Қазақстан намысын информатика пәнінен Еуразиялық олимпиаданың күміс медаль, Халықаралық олимпиаданың қола медаль, математика, физика, информатика пәндері бойынша Жәутіков олимпиадасының күміс медаль иегері Данияр Маминов; информатика пәнінен Еуразиялық олимпиаданың күміс медаль, математика, физика, информатика пәндері бойынша Жәутіков олимпиадасының күміс медаль иегері Мейрамбек Өмірзақ; информатика пәнінен Еуразиялық олимпиаданың күміс медаль иегері Бекжан Бекболатұлы; информатика пәнінен Еуразиялық олимпиаданың күміс медаль иегері Алтыбай Назарбек қорғайтын болады.

Ал, жүзден жүйріктің есімі мен олимпиада нәтижесі 1 тамызда жарияланатын болады.

 

 




Яндекс.Метрика