Басқару

ШҚО-да үш сатылы сот жүйесіне көшу мәселесі талқыланды

Шығыс Қазақстан облыстық сотында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы заң үстемдігін қамтамасыз ету шараларын талқылауға арналған кеңес өтті, деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
Шығыс Қазақстан28 Шілде , 10:53

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Р.Мамырбаев, Шығыс Қазақстан облысы соттарының төрағалары мен судьялары қатысты.

Жиынды ашқан ШҚО сотының төрағасы Д.Әміров өз сөзінде: «Ұлт Жоспарының 16-шы қадамы бойынша азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі сатыларын оңтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу қарастырылған. Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру мәселесі Елбасы назарынан қашанда тыс қалған емес. Осыған байланысты кассациялық саты облыстан ҚР Жоғарғы Сотының құзырына ауысқалы отыр. Нәтижесінде сот сатылары оңтайланып, сот төрелігінің сапасы артады деген сенімдемін» -деді.

Ал ҚР Жоғарғы сотының судьясы Р.Мамырбаев облыс соттары судьялары қатарынан Жоғарғы Сот судьясы лауазымына іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Ол ҚР Жоғарғы сотына судьялыққа үміткерлерге арналған   негізгі талаптарымен таныстырып өтті. Негізгі талаптардың бірі – ҚР Жоғары сотына судьялық лауазымға үміткерлердің 5 жыл облыстық сотта, жалпы  10 жылдық судья қызметіндегі жұмыс өтілі және кәсіби қабілеті жоғары болуы міндетті.  

Кеңес соңыңда демократиялық принципке сәйкес ҚР Жоғары сотының судьясы лауазымына үміткерлерге жасырын сауалнама жүргізілді. 

 




Яндекс.Метрика