Басқару

Астанада 45 мыңнан астам коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлға жұмыс істеуде – ҚР ӘМ

Бірінші жартыжылдықта Астана қаласы сот орындаушыларының аумақтық бөлімдерінің атқаруында 112 млрд теңгеден астам қаржыға 96 000-нан астам атқару өндірісі болған, деп хабарлады ҚР ӘМ баспасөз қызметі.
Астана қаласы27 Шілде , 16:07

ҚР Президенті өзінің «100 нақты қадам» бағдарламалық құжатында, атап айтсақ, «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» деп аталатын екінші тарауында: «сот орындаушыларының мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқарту» сот орындаушылары қызметінің тиімділігін жаңа деңгейге көтеретіндігін айтқан. Осы орайда, жаңа модель 2016 жылдан бастап жеке сот орындаушылар институтының дамуына, ал бұл өз кезегінде халықтың әділ сотқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

«2015 жылдың І жартыжылдығында әкімшілік айыппұлды өндіруден 2,4 млрд теңгеден астам қаржыға 36779 атқару өндірісі болса, соның ішінде шамамен 1,5 млрд теңге көлеміне тең болатын 19 054 атқару өндірісі аяқталды», – делінген хабарламада.

Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу бойынша: 2015 жылдың І жартыжылдығында 70 772 құқық тіркелсе, соның ішінде элетронды тіркелгені – 13 653 және жылдамдатылған тәртіппен жүргізілгені – 3713.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғалардың мүлікті жария етуіне байланысты оларға рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес Департаментке жыл басынан бері мүлікті заңдастыру туралы комиссия шешімі негізінде 878 өтініш келіп түссе, соның ішінде мемлекеттік тіркеуге бағытталған 696 өтініш қанағаттандырылды, 78 өтініш кері қайтарылса, 85-і қабылданған жоқ (қабылданбау себебі – жер ауданының сәйкес келмеуі, тұрғын үйге арналған жердің болмауы, базада жер телімі қарастырылмауы).

Бүгінгі таңда Астана қаласында 667 жеке нотариус жұмыс істейді. Елорданың барлық елді мекендеріне нотариалдық қызмет көрсетіледі.

Адвокаттық қызмет сапасын арттыру мақсатында Департамент елордалық Адвокаттар алқасымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Осылайша, Астана қаласында 5 заңгерлік кеңес және 11 адвокат конторасы жұмыс істейді, ондағы адвокаттардың жалпы саны 393-ті құрайды.

Қала тұрғындары арасында құқықтық түсіндіру жұмысы және құқықтық насихат жүргізу мақсатында І жартыжылдықта 1119 іс-шара ұйымдастырылды. Солардың ішінде басылым беттерінде – 108, электронды БАҚ-та 152 мақала жарық көріп, жалпы саны 487 дөңгелек үстелдер, семинарлар мен дәрістер өткізілді. Сонымен қатар Департаменттің ақпараттық-насихат тобымен түзде 15 рет қабылдаулар мен «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Құқықтық түсіндіру саласында елордалық Департамент пен Заңгерлер одағының «Астана-Заң» құқықтық порталы тұрақты жұмыс істеп келеді.

«ХҚКО арқылы заңды тұлғаларды тіркеу саласында 7499 құжат келіп түскен. Ал коммерциялық тұлғаларды тіркеу және қайта тіркеу бойынша – 7227, сонымен қатар коммерциялық емес тұлғаларды тіркеу және қайта тіркеу бойынша – 272. Сот шешімімен – 73 коммерциялық заңды тұлға, ерікті түрде 25 коммерциялық заңды тұлға жұмысын тоқтатты. Сот шешімімен – 777 коммерциялық емес заңды тұлға, ерікті түрде 34 коммерциялық емес заңды тұлға жұмысын тоқтатты. Мемлекеттік қызмет көрсету саласында жергілікті бюджетке: коммерциялық емес тұлғалардан – 9 358 214 теңге, ал коммерциялық тұлғалардан 12 140 617 теңге өндірілді. Бүгінде, Заңды тұлғалар мемлекеттік базасының дерегіне сәйкес, елордада 42 142 коммерциялық және 3656 коммерциялық емес тұлға жұмыс істейді, жалпы алғандағы саны – 45 798», - деп атап өтілген хабарламада.




Яндекс.Метрика