Өңірлер

А. Есімов - Алматы үшін бірінші жартыжылдық нәтижелі аяқталды

Алматы әкімдігінде мегаполистің 2015 жылғы бірінші жартыжылдығының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматы қаласы24 Шілде , 18:43

Жиын басында Алматы әкімі Ахметжан Есімов қаланың батыс аудандарында болған кешегі сел барысында барлық қызметтердің атқарған жедел жұмыстарын атап өтті. Әкім кеткен шығынға жедел баға беруді, қолданыстағы заңға сәйкес өтемақы көлемін анықтауды, зардап шеккендерді төлем тәртібімен кеңінен хабардар етуді, көшелер мен аулаларды тазартуды, электр жарығы мен газ беруді, көшелерді жарықтандыруды ретке келтіруді, сумен қамтамасыз ету жүйесі реттелгенше ауыз су жеткізуді үздіксіз ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар, әкім ТЖ кезінде жалған лақап таратқандарды тауып, оларды жауапкершілікке тарту керектігін қадап айтты.

«Прокуратура, полиция, ҰҚК - жалған хабарлар таратып, дүрбелең туғызғысы келгендерді табу сіздердің мундирлеріңізге сын. Кешегідей, мен зардап шеккен аудандарға күн сайын барамын. Күн сайын, жағдай талап еткендей, істің мән-жайын сол жерден білемін. Құқықтық тәртіп қамтамасыз етілуі, тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылуы, өзгенің затын тонауға жол берілмеуі және тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінулері тиіс», - деді қала басшысы.

Тасқын зардаптарын жою аясында азаматтық қоғам мен бизнес арасында түсіністік қалыптасып, олар бірігіп жұмыс істей бастады. Бүгін Медеу қойнауындағы дауыл зардаптарын жоюда тәжірибе жинақтаған «Жана Алатау» қоғамдық қоры зардап шеккендерге көмек ретінде қаржы жинауды бастағандары жөнінде хабарлады. Бұдан өзге, әкім ТЖ органдарының Ақсай, Құмбел өззендерінің бойына жаңа қорғаныс нысандарын салуы, Мыңжылқы бөгетін кеңейтулері және ауа райының қолайсыздығына орай мұздақтар мен моренді көлдердің жағдайын ғылыми тұрғыда саралау жөнінде үкіметке арнайы ұсыныс жасау жөнінде құжат дайындауды тапсырды.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы туралы сөз етсек, бірде-бір саланың көрсеткіші төмендемеген. Аталған кезең ішінде сауда, көліктік қызмет көрсету, құрылыс, байланыс және басқа да салалар елеулі түрде алға жылжыған. Өнеркәсіп саласында 311,8 млрд. теңгенің өнімі шығарылған, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға артқан. Нақтылы сектордағы көрсеткіштің игі динамикасы несие бөлудің өсуімен сипатталады. Екінші деңгейлі банктер экономика саласына 2 280,2 млрд. теңге көлемінде несие бөлген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ға көп, кіші бизнесті несиелеу ауқымы 1,8 есе ұлғайған. Құрылыс секторында 766,1 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылған, 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4%-ға артық. Бюджеттің орындалуы 99,9%-ды құрады, Алматы легализациялау барысы бойынша республикада жетекші орында. Жыл басынан бері қарай жалпы сомасы 71 млрд. 313 млн. теңге болатын 4763 нысан жария етілген.

«Екінші жартыжылдықта әлемдік экономика мен еліміздегі жағдайдың қалай болатындығы әзірше белгісіз. Әлемнің барлық танымал экономистері келер жылдың оңай болмайтындығын айтуда. Сондықтан біз бюджеттік шығындарды жіті бақылап, ішкі резервтерді іздестіруді одан әрі жалғастыруымыз қажет», - деді әкім.

Жиын соңында қала басшысы биылғы жылдың екінші жартысының нақтылы міндеттерін атап өтті. Яғни, 15 тамызға дейін дағдарысқа қарсы жоспар түзетілуі, оқу жылы басталғанша жылу маусымына дайындық аяқталуы тиіс, ведомоствалық бағынышты кәсіпорындардың қаржылық тиімділгі артып, мемлекеттік сатып алуға қатысушы заңды тұлғалардың салықтық деңгейі тексерілгені жөн, жыл аяғына дейін бюджетті игеру қарқыны сақталып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған бес институционалды реформаны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» атты ұлттық Жоспарды жүзеге асуы тиіс.




Яндекс.Метрика