Басқаруды орталықсыздандыру

Орталықтан жергілікті органдарға құқықтар беруді көздейтін басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізу қажет – Сенат Төрағасы

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми облыстардың, Астана және Алматы қалалары мәслихаттарының хатшыларымен кездесті, деп хабарлады «Стратегия» ресми сайты.
Казахстан29 Наурыз , 00:00

Мәслихат өкілдері мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелерін талқылау үшін өткізілген семинар-кеңес аясында Парламентке келген болатын.

«Ағымдағы жыл - Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев жария еткен жаңа аса ауқымды бағдарлама - «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асырудың алғашқы жылы», - деп атап өтті Қ.Мәми. Төраға орталықтан жергілікті органдарға құқықтар мен қажетті ресурстарды беруді көздейтін басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізу қажеттігіне назар аударды. Таяу уақытта мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктерді нақты ажыратуға, жергілікті атқарушы органдарды қажетті өкілеттермен нығайтуға бағытталған заңдар қабылданатын болады. Президенттің шешімі бойынша биыл ауыл әкімдері мәслихаттар арқылы сайланатын болады, деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Дегенмен, жергілікті өзін-өзі басқарудағы тұрғындардың конституциялық құқықтарын табысты жүзеге асыруы тек қажетті заңнамалық базаның болуына ғана емес, халықтың жергілікті өзін-өзі басқаруды іске асыру құқықтары мен мүмкіндіктерін түсінуіне де қатысты. «Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтардың белсенді қатысуының рөлі өте маңызды болмақ», - деп атап өтті Қайрат Мәми.

Семинарға қатысушылар Парламенттің қазіргі кездегі заң шығару қызметімен, Сенаттың тұрақты комитеттерінің, сондай-ақ Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл кеңесінің жұмыстарымен танысты.




Яндекс.Метрика