Өңірлік қауіпсіздікті нығайту

Қазақстанның ӘТК Каспий теңізінде оқу-жаттығуды жалғастыруда

Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің «Шағала-2013» оқу-жаттығуы жалғасуда. Жаттығуға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының басқармасы мен әскери-теңіз базасының жауынгерлік даярлық, тылдық қамтамасыз ету, қару-жарақ, байланыс, мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімдері мен қызметтерінің әскери қызметшілері қатысуда, деп Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Батыс Қазақстан 19 Қазан, 10:26

Бүгін «Шағала-2013» оқу-жаттығуы шеңберінде тәжірибелік кемелік атыстар жүзеге асты. Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Қазақстанда жасалған жаңа зымырандық-артиллериялық «Қазақстан», «Орал» кемелерімен өмірлік маңызы бар нысандарды, оның ішінде мұнайгаз кешендерін, қолдан жасалған аралдарды күзету мен қорғау элементтерін пысықтады.

«Штат үйлесімді қимылдады, барлық нысаналар жойылды. Жаттығу Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жеке құрамы жүктелген міндеттерді орындауға және теңіздегі мемлекеттік мүдделерді қорғауға дайын екенін көрсетті», - деп атап өтті «Шағала-2013» оқу-жаттығуының жетекшісі 1 дәрежелі капитан Серік Борамбаев.

«Шағала-2013» оқу-жаттығуы Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік қабілеті мен әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындық деңгеін арттыруға бағытталған.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 2013 жылғы 17-19 қазан аралығнда Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде «Шағала-2013» оқу-жаттығуы өтуде. Үш күндік оқу-жаттығу барысында мемлекеттік шекараны күшейту, жауынгерлік атыстар жүргізу арқылы теңіздегі кемелерді күзету мен қорғау пысықталады.





Яндекс.Метрика