Ұлттың денсаулығы

Кореядағы жазғы Универсиадаға 95 қазақстандық студент елдің намысын қорғайды

ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов биылғы жазғы универсиаданың жалауы көтерілген Корея Республикасына арнайы сапармен барды, деп хабарлады ҚР БҒМ.
Әлемде 30 Маусым, 16:49

Айта кету керек, «Универсиада ауылында» Қазақстанның көк туы өзге елдерден бірінші болып көтерілді. Сапар барысында министр студентермен кездесіп, «Универсиада ауылына» жайғасқан отандық спортшылардың  жағдайымен, дайындығымен   танысты. Сондай-ақ, министр 2017 жылы Қазақстанда өтетін Универсиада қарсаңында әлемдік тәжірибені пайдалану үшін спорттық алаңдар мен кешендерді аралап шықты. 

«XXVIII  Бүкілдүниежүзілік  жазғы Универсиада 2015 жылдың 3–14 маусым  аралығында Кванджу қаласында (Корей Республикасы), спорттың 21 түрінен  өтеді. Қазақстандық 95 спортшы таеквондо, дзюдо, жеңіл атлетика, семсерлесу, садақпен ату, оқпен-стендтік ату, гольф, академиялық есу, жүзу және спорттық гимнастикаға сынды спорттың 10 түрінен бақ сынайды.  Қазіргі күні құрама мүшелері штаттық режимде дайындық жүргізуде», - делінген хабарламада.

Студенттерді жаттықтырушылары және арнайы бекітілген  адамдар алып жүреді. Спортшыларымыз  бірінші орындарды жарыстың жеңіл атлетика, жүзу, таеквондо, оқпен-стендтік ату түрлері бойынша алады деген үміт бар. Құраманың негізгі мақсаты – 2007 жылы Тайландта қол жеткізген жетістікті қайталау. Еске сала кетейік, аталған елде Қазақстан командасы 5 алтын медальмен 11 орынға табан тіреген болатын.

Универсиада 3 шілде күні салтанатты түрде ашылады. Ал 2 шілде күні өтетін Халықаралық студенттік спорт федерациясы  (FISU) ұйымдастыратын гала-кеште Қазақ спорт және туризм академиясы «Үздік университет» наградасымен  марапатталады.  Бұл награданы бұған дейін тек француздық Сорбонна алған екен. Аталған номинация Трентинодағы қысқы Универсиадаға (2013) және Қазандағы өткен жазғы Универсиадаға (2013) қатысқан қазақстандық кәсіби спортшылар -  студенттердің саны ескеріліп беріледі.

 Халықаралық студенттік спорт федерациясы әлемдік және қазақстандық студенттік  спортты дамытуға  қосқан үлесі үшін Қазақ спорт және туризм академиясының жұмысына жоғары баға беріп, алғысын білдірді.

 





Яндекс.Метрика