Инфрақұрылымның дамуы

«Алматы – Жетіген – Достық» бағытындағы пойызды іске қосу үшін бюджеттен 63 млн теңге бөлінді

«2-Алматы» темір жол вокзалынан «Алматы - Жетіген - Достық» бағытындағы жолаушыларға арналған жаңа туристік пойыз жолға шықты, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Алматы30 Маусым , 16:18

Бұл - Алакөл көлінің маңында туризмді дамыту мақсатында қолға алынып отырған шара.  Жолаушыларға арналған жаңа пойызды Алматы облысының әкімдігі субсидиялап отыр. Темір жолдағы қосымша бағытты ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 63,0 млн. теңге бөлінді. 

Мамандардың айтуынша, 6 жолаушы вагонынан тұратын «Алматы - Жетіген - Достық» бағытындағы пойыз аптасына үш рет жолға шықпақ. Демалыс орнына дейінгі жол ақысы шамамен 4-8 мың теңге аралығында.

Пойызды алғашқы сапарға салтанатты жағдайда шығарып салу рәсімі барысында көпшілік қауымға және көл жағалауында демалысты ұйымдастырушы туристік фирмаларға арналып баспасөз мәслихаты өткізілді. Мәслихатқа қатысушылар өңірдегі туризмді одан әрі дамыту және оның болашағы, темір жолдағы қосымша бағытты ұйымдастырудың маңызы туралы сөз қозғады.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев қатысты. Серік Тұрдалиевтің айтуынша, жолаушылар пойызын ертең Алакөл ауданы Көктұма ауылында тұрғындар күтіп алады.  Жаңа пойыз Алматы облысында туризмді дамытуға жасалған сәтті қадам болмақ.

Естеріңізге салсақ, Алакөл ауданы Ақши ауылында туристердің жайлы демалуына жағдай жасау мақсатында заманауи көпсалалы емдеу-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. 6 гектар жерді алатын жаңа кешеннің құрамында 6 қабатты қонақ үй, мейрамханалар, жабық бассейн, спа-орталық, спорттық-ойын алаңдары және т.б. болады. Бұл құрылыс жұмыстарының барлығы келер жылдың көктемінде аяқталады деп жоспарланған.   

 




Яндекс.Метрика