Инновациялар

2015 жылдың күзінде Ұлттық инновациялар байқауы іске қосылады

Қазақстанда 2015 жылдың күзінде Ұлттық инновациялар байқауы іске қосылады және ол мектеп оқушылары, студенттер мен ірі кәсіпорындардың мамндарына дейінгі елдегі барлық жаңашылдардың басын қосады, деді Индустриялар және даму министрлігінің Технологиялық инновациялық даму департаменті бастығының орынбасары Лаура Садықова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Астана қаласы29 Маусым , 17:57

«Екінші бесжылдық аясындағы инновациялық саясаттың міндеттерінің бірі өңірлік стартап-хабін қалыптастыру болып табылады, яғни елде жаңашылдардың ортасы қалыптасып, оларға қолдау көрсетіледі. Біз Чили, Ресей, Израиль сынды елдердің тәжірибелерін зерттедік. Біздің бағдарламамыз тек еліміздің азаматтарына ғана емес, шетелдіктерге де ұнайды деген ойдамыз»,-деді Л.Садықова.   

Оның сөзінше, мұндай тетік Қазақстанға шетелдік мамандарды тартуға мүмкіндік жасап, адам капиталының сапасын арттырады. Негізгі бағыт ТМД мемлекеттері мен Орталық Азияға бағытталып отыр.  

«Біз географияны кеңейтіп, кросс интернационалды командалар құру жолында жұмыс істеп жатырмыз, бұл командалар жаһандық өнім өндіретін болады. Биылғы жылдың инновациялық серпін берген жобасы Technation акселерациялық бағдарламасы болды. Біз ең мықты деген технологиялық командаларды тартудамыз, сондай-ақ мықты менторлық қолдау көрсетіп, жаһандық нарыққа шығаратын өнім дайындаудамыз»,-деді ол.  

Бұл ретте ол негізгі мақсаттың коммерциялық жағынан тартымды, нарыққа негізделген жобаларды қолдау екендігін атап өтті.  

«Біз аталған жобалардың барлығы Қазақстан экономикасына жағымды әсер етеді деген ойдамыз. Сонымен қатар, аталмыш жоба әлеуметтік серпін береді деп үміттеніп отырмыз, себебі жобаның негізінде жаңа жұмыс орындары ашылады»,-деді  Л.Садықова.

Анар Тәңірқұлова

 

 




Яндекс.Метрика