Көліктік-логистикалық жүйенің дамуы

2020 жылы ЕО пен Қытай арасындағы жүк тасымалының 10 пайызы Қазақстан арқылы өтеді – сарапшы

Қазақстанда 2020 жылы Еуропалық Одақ пен Қытай арасында тасымалданатын жүктердің 10 пайызы Қазақстанның темір жолдары мен автомагистральдарынан өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин мәлім етті.
Астана қаласы29 Маусым , 16:08

«Сарапшылардың түрлі бағалаулары бойынша, 2020 жылы Қытай мен Еуропа арасындағы тауар айналымы кейбір есептер бойынша 800 млн долларға жетеді, ал ендігі бір мәліметтер бойынша, 1 трлн долларға дейін барады. Біздің  мақсатымыз сол жүктердің басым бөлігін өзіміздің еліміздің аймағынан өтетін ету»,-деді Е.Қарин.

Оның сөзінше, Қазақстанда 2020 жылы Еуропалық Одақ пен Қытай арасында тасымалданатын жүктердің 10 пайызы Қазақстанның темір жолдары мен автомагистральдарынан өтеді деп жоспарланып отыр.  

«Бүгінгі таңда Қазақстан арқылы өтетін тауарлар көлемі небәрі 1-2 пайыздың көлемінде. Енді Еуропалық Одақ пен Қытай арасындағы жүк тасымалы 117 млн тоннадан 170 млн тоннаға дейін жетеді деген болжам жасалуда. Қазақстан болса Қытай мен Еуропалық Одақтаң арасындағы жүктердің 10 пайызын Қазақстан арқылы өтетіндей етуге күш салып отыр»,-деді институт директоры.  

Айта кетейік, Қазақстан ұлттық көлік-транзит жүйесін дамыту үшін 40 млрд доллар тартпақ, бұл өз кезегінде әлеуметтік серпін береді. Мысалы мамандардың бағалаулары бойынша, көлік саласын дамытуға жұмсалған 1 млрд доллар жұмыс орындарының санын 20 мыңға жеткізеді. Ал қосымша салаларда оның саны 11 мың болады.    

 Анар Тәңірқұлова




Яндекс.Метрика