Инновациялық Қазақстан - 2020 мемлекеттік бағдарламасы

Алматыда Жоғарғы Соттың электронды сервистерін жылжытуға арналған пилоттық жоба іске қосылды

Алматы қалалық сотында «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының электронды сервистерін жылжыту» пилоттық жобасын іске қосу рәсімі болып өтті. Жобаны Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен «Kazakhstan Bar Association» коммерциялық заңгерлер алқасы» республикалық қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырды, деп хабарлады ЖС баспасөз қызметі.
Алматы қаласы29 Маусым , 17:49

Іс-шараға Жоғарғы Соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ілияс Испанов, Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Бақытжан Қараманов, «Kazakhstan Bar Association» коммерциялық заңгерлер алқасы» РҚБ-ның мүшесі Жангелді Сүлейманов, сот органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ өкілдері мен Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының заң факультетінің студенттері қатысты.

«Іске қосылатын жоба қоғамның ауқымды бөлігінің сот төрелігіне қолжетімдігін арттыру, соттарда ақпараттық технологияларды қолдануды одан әрі кеңейту, сот өндірісін жеңілдету мақсатында Жоғарғы Сот қолға алған электронды сот ісін жүргізуді дамыту бағытындағы кезекті қадам болып саналады. Тұрғындардың құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын  арттыруды көздейтін жоба «100 нақты қадам – баршаға арналған заманауи мемлекет» Ұлттық Жобасын іске асыру аясында өзекті болып табылады», - делінген хабарламада.

Кездесуде сөз алған І.Испанов: «Жоғарғы Сот сот төрелігінің түсінікті әрі айқын болуы үшін бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Бұл жобаны іске асыру сотқа жүгінген адамдарға Жоғарғы Соттың «Сот кабинеті», «Сот құжаттарымен танысу», «Хабарландыруға қатысты сот құжаттарын қарау» және басқа да электронды сервистерді пайдалану бойынша жылдам әрі тегін кеңес алу мүмкіндігін береді», - деп атап өтті.

Өз кезегінде Б.Қараманов: «Сот қызметінде заманауи ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану және дамыту Жоғарғы Соттың  басым бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Судьялардың алтыншы съезінде дамыту қажеттігіне мән берген электронды сот төрелігі тәжірибе көрсеткендей, азаматтардың сот ісін жүргізуге қолжетімділігін айтарлықтай жеңілдететіндігі белгілі», - деді. Ол іске асырылатын жоба бұл жұмысты айтарлықтай жақсартатындығына сенім білдірді.

І.Испанов пен Ж.Сүлейманов іс-шара барысында «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының электронды сервистерін жылжыту» пилоттық жобасын іске асыру туралы Ережеге қол қойды.

Жобаның нысаны – 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап алты ай бойы жетекшілер – «KazBar» РҚБ-ның тәжірибелі заңгерлері және  жобаға қатысу үшін іріктелген заң факультетінің студенттері алдын ала арнайы оқытудан өткен соң, Жоғары Соттың электронды сервистері бойынша азаматтар мен заңды тұлғаларға тегін кеңес бере отырып, тәжірибелік көмек көрсетеді. Кеңестер Алматы қаласының тоғыз сотында арнайы жабдықталған кабинеттерде беріледі. Келешекте мұндай кабинеттер республикамыздың басқа өңірлеріндегі соттарда да ашылатын болады. 

Арнайы оқытудан өткен жас мамандар Жоғарғы Соттың және «KazBar» ұйымының тиісті сертификатын алады. Олар үшін жобаға қатысу – бұл  келешекте сот органдарында және «KazBar» ұйымының құрылымдарында жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін бастапқы қадам болып табылады.

 

 




Яндекс.Метрика