Халықаралық интеграция

Қазақстан Елшісі Тунис Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Карфаген сарайында Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Берік Арын Тунис Республикасының Президенті Беджи Қаид Ас-Себсиге Қазақстан Республикасының Тунистегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы ретінде сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлады ҚР СІМ.
Әлемде 29 Маусым, 16:49

«Тапсыру рәсімінен кейін орын алған сұхбат барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны белсендірудің жолдарын талқылап, Қазақстан мен Тунис арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ынтасын танытты», - делінген хабарламада.

Қазақстандық дипломат Тунис басшысын еліміздегі маңызды ішкі саяси оқиғалармен, сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан экономикалық және институционалды реформалар барысымен таныстырып өтті.

Президент Б. Ас-Себси Қазақстан дамуының жоғары қарқыны мен қазіргі таңда әлемдегі рөлінің артуын атап өтіп, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің жылы лебіздерін жолдап, Қазақстан халқына одан әрі даму мен гүлденуді тіледі.

Өз кезегінде, Б. Арын Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Тунис Президенті мен халқына жолдаған сәлемі мен изгі тілектерін жеткізді, сонымен қатар Туниспен өзара тиімді қатынастарды кеңейтуге Астананың дайындығын қуаттады.

Сонымен бірге, ү.ж. 27 маусымда Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Тунис Республикасының Президенті Беджи Каид Ас-Себсиге Сус қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Көңіл айту жеделхатында Мемлекет басшысының Сус қаласында болған террористік акт салдарынан көптеген Тунис және шетел азаматтарының қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны атап өтілген. Н. Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ барша Тунис Республикасының халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. 

 





Дерекнама

Яндекс.Метрика